9 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 9 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null
9 қазан. СЕЙСЕНБІ

Дүниежүзілік пошта күні

1957 жылы болған бүкілдүниежүзілік пошта одағының 14-ші конгресінің шешімі бойынша, 1874 жылы пошта одағының құрылған күніне орай аталып өтеді.

АҚШ-та ұлттық нанотехнологиялар күні

АҚШ нанотехнологиялық жобаларды дамытуға бағытталған федералдық үкіметтік бағдарламасы -Ұлттық нанотехнологиялар (National Nanotechnology Initiative) бастамасы бекіткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы - Асықата ауданы (қазір Мақтаарал ауданына қарасты кент), Алғабас ауданы - Бәйдібек ауданы болып өзгерді.

2000 жылы «Астана мұнарасы» кешені пайдалануға берілді. Ол 21 қабатты бизнес орталығынан және 3 қабатты «Рамстор» гипермаркетінен тұрады.

2006 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы - Жалағаш кентіндегі алаңға Кенесарының азаттық күресіндегі басты батырлардың бірі - Бұқарбайға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетовтің айтуынша, оның аяғының жанында жатқан жолбарыс батырдың жас кезіндегі қаймықпайтын жүректілігі туралы аңызға орай алынған. Ел аңызына қарағанда, жолбарыс ұлтжанды батырдың түсінен шықпайтын аруақты серігі болғанға ұқсайды.

2008 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съезд барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.

2009 жылы Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабекова мен халықаралық конкурстардың жеңімпазы, пианист Әмір Тебенихин Нью-Йорктегі «Таймс-орталықта» концерт берді. Тамаша жұп тыңдармандарға И.Бах, Р.Шуман, С.Франк, Д.Россини сынды композиторлардың туындыларынан тұратын классикалық музыка бағдарламасын ұсынды. Музыканттар американдық көрермендер үшін қазақ композиторы Ахмет Жұбановтың «Ариясын» да орындады.

2009 жылы ҚР Қызыл жарты ай қоғамдастығы мигранттар үшін Астана, Алматы және Алматы облысындағы филиалдары жанынан үш ақпараттық-білім беру орталығын ашты. 

2010 жылы қазақстандық музыкант Марат Бисенғалиев өзі құрған Батыс Қазақстан филармониялық (WKPO) және Үндістан симфониялық (SOI) оркестрлерінің жетістіктері үшін Азия және Тынық мұхит аймағының симфониялық оркестрлер (AAPRO) Альянсының басшылық құрамына сайланды. 

2012 жылы «Самұрық - Энерго» АҚ «Қапшағай қаласында қуаттылығы 2 МВт-тық күн электр стансасының құрылысы» жобасын іске асыра бастады.

2012 жылы Астанада Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының таныстырылымы өтті.  

Орталықтың басты мақсаты - еліміздегі ұлттық және жоғары оқу орындарының деңгейінде келісілген Болон процесінің қағидаттарын толық жүзеге асыруға жәрдемдесу.

2013 жылы Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, парсы-тәжік ақыны Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының көшірмесі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылды.

Бүгінде «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі түпнұсқасы тәжік елінде сақталған. Ал оның көшірмесін Қазақстанға белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев алып келді.

2013 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өнімі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі «Шетел тіліндегі үздік фильм» аталымында Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.

2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында ҚР-дың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы бірлескен құжатқа қол қойылды. 

2014 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің Астана қаласындағы ғимаратында шетелдерде тұрып жатқан қандастарымыздың Халықаралық өнер фестивалі ашылды. Оған 18 елдің өкілі қатысты.

2015 жылы Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен  Украина Президенті Петр Порошенконың қатысуымен Қазақстан-Украина бизнес-форумы өтті. Оған екі елден 500 делегат қатысты. Форум барысында сауда-экономика, көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде «Қазақ хандығына - 550 жыл» көрмесі ашылды. Көрменің қатысушыларына «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында табылған Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция архивтері мен ғылыми мекемелеріндегі, сондай-ақ Қазақстан қоғам қайраткерлерінің жеке қорларындағы Қазақ хандығының тарихы туралы құжаттар, Ұлттық архив қорында сақтаулы тұрған құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылды.

2015 жылы Шымкентте қазақтың батырлары Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған ескерткіш ашылды. Тас мүсін Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс жағындағы гүлзарбақта орналасты.  Тарихи мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары және Ақтөбеден арнайы келген батырдың ұрпақтары қатысты. Тарихи кешеннің авторы - мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіштің биіктігі - 10 метр. Тілеу Айтұлы - Алты алашқа әйгілі, би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы шапқан, Сайрам соғысында 17 мың қол жинап, қасына ұлы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай батырларды ертіп, сол далада ерлікпен қаза тапқан.

2016 жылы Оңтүстік Қазақстанда «Арыс жағасында» атты Ш.Қалдаяқов атындағы VII ретро-фестиваль аясында «Менің Қазақстаным» VII халықаралық ән байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс -шара барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев байқау жеңімпаздарын құттықтап, оларға сыйлықтар тапсырды. Осылайша, «Менің Қазақстаным» байқауының гран-при жүлдесін қызылордалық Лаура Сағынтай жеңіп алды. Бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен Диана Хашижанова алды. Екінші орынды астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетов пен алматылық Тілекбай Нағымбаев бөліп алса, үшінші орынға Астана қаласынан келген Жалғас Сұлтанов пен Қарағандыдан келген Лаура Айтбаева қол жеткізді.

2017 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында толық метражды «Балуан Шолақ» тарихи көркем фильмінің түсірілімі аяқталды. Фильмде аты аңызға айналған палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың тағдыры сөз болады.

1865 жылы бильярд шарына патент алынды. Өнертапқыш Джон Уэсли Хайятт белгілі бір пішінге келтіруге болатын синтетикалық материалды ойлап тауып, одан бильярд шарын жасады. Бұған дейін бильярд шарын піл сүйегінен жасап келген болатын.

1874 жылы Дүниежүзілік пошта одағы құрылды.

1884 жылы Чикаго қаласының тұрғыны Левант Ричардсон роликті конькиді паттенттеді.

1981 жылы Францияда өлім жазасына тыйым салынды

1989 жылы Лейпцигте «Бейбіт революция» өткізіліп, бір айдан кейін Берлин қабырғасы құлатылды.

2000 жылы бұрын Йоко Оно, Джон Леннонның әйелі Токио маңында марқұм күйеуіне арналған әлемдегі алғашқы мұражай ашты.

2001 жылы Мысырда әлемдегі ең биік аспалы көпір салынды.

2006 жылы Солтүстік Кореяда алғашқы ядролық қару сыналды.

2009 жылы АҚШ президенті Барак Обама Нобель бейбітшілік сыйлығына ие болды.

Соңғы жаңалықтар