84 ауған әскерилері Өзбекстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – 84 ауған әскери қызметшісі Өзбекстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан Республикасы СІМ мәліметінше, 14 тамызда Ауғанстанмен шектесетін мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде Ауғанстан Қарулы күштерінің 84 әскери қызметшісі мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, ұсталды. Шекара бұзушылар қарсылық танытпаған, жарақат алған үш адамға медициналық көмек көрсетуді сұраған.

«Ауған азаматтары санитарлық-эпидемиологиялық тексеруден өткізіліп, кейбіріне медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, олар тамақпен қамтамасыз етілді, уақытша жататын орын берілді», - деп хабарлады ведомстводан.

«Термез-Хайротон» көпірінің Ауғанстандағы бөлігінде Ауғанстан үкіметінің әскери қызметшілері жиналған. Оларға гуманитарлық көмек көрсету шаралары жүріп жатыр.

«Өзбекстан СІМ ауған азаматтарын отанына қайтару және «Термез-Хайратон» көпірі ауданындағы жағдайды бақылау бойынша ауған тарапымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мемлекеттік шекара күшейтілген режимде қорғалып жатқанын атап өткен жөн. Термезде құрамына қарулы күштер басшылары мен мемлекеттік орган өкілдері кірген жедел штаб құрылды», - деп атап өтті Өзбекстан СІМ.

Еске салсақ, «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның маңызды әрі ірі қалаларын басып алды. Халықаралық ұйымдар дабыл қағып Ауғанстанда соңғы 72 сағатта ондаған бала қаза тапқанын жариялады.

Сондай-ақ, ҚР дипломатиялық миссиясы Кабулда шектеулі құрамда жұмысын жалғастыруда.


Соңғы жаңалықтар