80 жылдыққа – 80 сурет: Таразда ерекше фотопоэзия көрмесі өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» атты ерекше фото көрме өтті. Көрменің ерекшелігі – фотосурет пен поэзия өнерінің өзара үндесіп, келушілерге әдемі әсер сыйлағаны болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың фото суреттері қойылды. Тараз қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шара Жамбыл облысының 80 жылдығына арналды.

Бір қызығы, көрме шымылдығы ашық аспан астындағы классикалық вальспен ашылды. Содан кейін жүргізуші ортаға шығып, картиналардың бетперделерін аша жүріп өлең оқыды. Осы сәтте өңірдегі «Ақкербез» бишілер тобының ұлттық нақышта киінген арулары да барлық картиналардың бетперделерін ашып, оларды көпшілік назарына ұсынды. Алтынбек Қартабай өзінің тұңғыш шығармашылық көрмесін ақындардың өлеңдерімен керемет үйлестіре білуімен де ерекшеленді деуге болады. Фототілші қазақтың ару қыздары, сонымен қатар алтын күз, ақындар бейнесі, табиғат көріністері сияқты көркем көріністерді де қалт жібермеген. Ал, бұл шығармалар Жақсылық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосын, Тынышбай Рақым, Күләш Ахметова, Серік Томанов, Маралтай Райымбекұлы сияқты ақындардың өлеңдерімен жақсы жарасым тауып, көрмені тамашалаушыларға керемет күй сыйлады.

Облысымыздың 80 жылдығы аясында өткен А.Қартабайдың фотопоэзия көрмесіне келгендердің қарасы көп болды. Олардың арасынан өңірге еңбегі сіңген ардагерлерді, ғалымдарды, оқытушы-профессорларды, түрлі театр, әдебиет, өнер, танымал әншілер, бейнелеу өнерінің білгірлерін, БАҚ өкілдерін және қарапайым қала тұрғындарын, студент жастарды кездестірдік.

Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова ашып, фотоөнердің ерекшелігіне, фототілші Алтынбек Қартабайдың аналар болмысын, арулар образын ашу арқылы қазақ қыздарының ізгілікке толы кейпін, сұлулығын тап басып көрсете білгеніне тоқталып, сәттілік тіледі.

Көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова фотография өнері жайлы ой өрбітіп, А. Қартабайдың шығармашылығына тоқталып өтті.

«Қазақ қыздарының жан-жақты мінезін, бейнесін фотосуретпен ашып, қазақ қызына ғана тән көркемдікті сіңіріп көрсетіп отырған фотограф Алтынбек Қартабай – ерекше өнер иесі. Облыстың қарқынды дамуы, өңірдегі өзгерістер мен жаңалықты суретіне сыйдырып жүрген өнер иесінің шығармашылығы да өзгеше. Қазақ қызының асыл жар, аяулы ана образын суретке басып, өнер кеңістігіне өзінше үлес қосқан суреткерді дүйім жұртқа еңбегін ұсынған қуанышты күнімен құттықтаймын», – деді Сұлушаш Сәтбекқызы өз сөзінде. Көрменің лентасы қиылып, кеш иесі А. Қартабай құшақ-құшақ гүлімен қоса бар ыстық ықыласын, риясыз балалық пейілімен қоса анасына ұсынды. Көрмені тамашалауға облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевтың арнайы келгенін де айта кетсек, артық болмас.

«Бұл менің 15 жыл бойғы ізденісімнің жемісі. Облысымыздың 80 жылдығына орай осындай фотопоэзия көрмемнің өтіп жатқанына, өңір тойына тамшыдай үлес қосқаныма қуаныштымын. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен жүзеге асқан, бүгінде көз сүйсінтіп тұрған «Jastar aleıasy»-ндағы «Bilim alańyn» таңдағаным бекер емес. Мұнда көбінесе жастар мен бірге жасамыстар да жүреді. Мен көрмеге әкелген туындылар үлкенге де, кішіге де ұнады деген ойдамын. Ал менің суреттерім әркімнің өзінше түсініп, өзінше қабылдауымен маңызды. Қолдау білдірген облыс, қала әкімдіктеріне, облыстық «ARAІ» жастар газетінің ұжымына, осы көрмеге арнайы келген Алтынкүл анама, барша көрермендеріме алғысымды білдіремін, – деді Алтынбек Қартабай.

Сондай-ақ, фототілші туған жердің, қоршаған ортаның керемет сұлулығын көрмеу мүмкін еместігін алға тартып, өз көрмесінде фототуындыларымен қоса поэзия өнерін біріктіріп, ақындар шығармашылығын да осы кешке арқау етуді мақсат еткендігін, ол ойы еш кетпегенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар