80 жылдыққа – 80 нысан: Жамбыл облысында жаңа нысандар ашылуда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай 80 нысан ел игілігіне беріле бастады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірдің айтулы мерейтойы қоныс тойға ұласып, көпшілік үшін көптен күткен игі істер атқарылуда. Оның бір айғағы сексен жылдық қарсаңында сексен нысанның ел игілігіне берілуі. Бұл туралы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Мақсат – 80 жылдықты атойлап тойлау емес, халыққа пайдасы тиетін, тұрмысын жақсартуға бағытталған нысандар ашу. Атап айтқанда, мереке қарсаңында Тараз қаласында 44 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға берілсе, 80 пәтерлі 6 үй, 60 пәтерлі 2 үй және Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 120 пәтерлі 1 тұрғын үйдің кілттері алдағы күндері табысталатын болады. Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы «Көктөбе» жаңа тұрғын алқабындағы инфрақұрылым нысандары, Шу қаласындағы 258,7 га тұрғын үй массивін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жабдықтау жүйесі, Далақайнар ауылындағы орта мектепте жапсарлас нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, спортзал, асхана, технология кабинеттері іске қосылады»,-деп жазды Д.Бейсенқұлов.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында да жағымды жаңалықтар аз емес. Мәселен, облыс аумағындағы 41 елді мекенде алғашқы медициналық көмек көрсету пунктері ашылып, ел игілігіне тапсырылуда. Сонымен қатар, көптен күткен тіршілік нәрінің күрмеулі түйіні шешіліп, Шу ауданының Абай, Мойынқұм ауылдарын және Қордай ауданының Әлжан ана ауылын, Жуалы ауданының Қарасаз ауылын сумен қамту жүйесі іске қосылмақ.

«Салауатты өмір салтының олжасына айналар оң істердің нәтижесі де мереке күндері облыс тұрғындарына тарту болмақ. Тараз қаласының Жансая мөлтек ауданы мен Талас ауданындағы Қаратау қаласы, Көктал, Үшарал ауылдарында және Жуалы ауданының Қарабастау ауылында спорт алаңдары ашылып, пайдалануға беріледі. Облыста бұрын соңды болмаған бірегей жоба, Т.Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында ата-баба дәстүрін жалғастырушы «Шаушен» ШҚ қымызбен емдеу орталығының жанынан 50 адамға арналған сауықтыру кешені іске қосылады»,-делінген аталған басқарма басшысының жазбасында.

Сондай-ақ, Тараз қаласында «Қабілет», «Азимут» аула клубтары мен «Қамұқат» тұрғын алқабындағы 150 орындық жекеменшік балабақша және «Үшбұлақ» жағажайының маңындағы кіші архитектуралық композициясы ашылады. Сонымен қатар, мәдениет және тарих, туризм және спорт бағыттарында айрықша 13 нысан ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Осылайша, «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген тәмсілге терең бойлаған жамбылдықтар облыстың айтулы мерейтойында тұрғындардың тұрмыстық, әлеуметтік ахуалын жақсартуға басымдық беруде.

Соңғы жаңалықтар