8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 8 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық суретшілер күні

Атаулы күн әлемдік ауқымдағы қоғамдық-маңызды оқиғалар күнтізбесіне 2007 жылы енгізілді. Оған «Әлем халықтары өнері» Халықаралық қауымдастығының өкілдері бастамашыл болды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1937 жылыАхмет Байтұрсынұлы Алматы қаласындағы НКВД ғимараты орналасқан жертөледе атылды. Ахмет Байтұрсынұлы - 20 ғасыр басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, Алаш орда өкіметі лидерлерінің бірі, ақын, публицист, аудармашы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ұлы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Тарихи деректерге зер салсақ, аты шулы үштіктің ғұлама ғалымды ату туралы алғашқы шешімі 1930 жылдың 4 сәуірінде шыққан. Кейін бұл шешім бірнеше рет өзгертіліп, Ахмет Байтұрсынұлына орыс зиялыларының өзі араша түседі. Осылайша ол айдау мен қуғынның арасында адам төзгісіз жағдайда өмір сүрсе де 1937 жылға дейін қазақ пайдасына қызмет етуге мүмкіндік алады. 1937 жылы соңғы рет тұтқындалып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.

1991 жылы Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құру туралы шешім қабылданды. Ал 1991 жылы 21 желтоқсан күні Алматыда ТМД-ның Басты қағидалары мен мақсаттары декларациясына Беларусь, Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қол қойды. 1993 жылы ТМД-ның Жарғысы қабылданды. Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Мемлекетаралық экономикалық кеңес, Санкт-Петербургтағы үкіметаралық ассамблеяның орталығы секілді тағы басқа органдары құрылды. ТМД-ның тұрақты жұмыс істейтін органы - Минскідегі үйлестіру кеңесі комитеті.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы құрылды, оның президенті болып Ө.Жолдасбеков тағайындалды. Қазіргі күні Ұлттық инженерлік академия құрамында 20-дан астам ғылыми-өндіріс орталықтары жұмыс істейді, ол бүкіл Қазақстандағы технопарктердің құрылуы мен дамуына белсенді қатысады, оның бөлімдері мен филиалдары аймақтағы өндіруші кәсіпорындармен тығыз байланыста.

2009 жылы Осакада (Жапония) Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі болып өтті. Құрметті консул болып әлемге танымал «Тошиба» корпорациясының вице-президенті Широ Кавашита тағайындалды.

2010 жылы Нью-Йорктегі Christie's аукционына қазақстандық көркемсурет және мүсін шеберлерінің жұмыстары шығарылды. Бұл Қазақстан үшін ерекше оқиға болды. Танымал аукцион үйінің 230 жылдық тарихында мұнда қазақстандықтардың жұмыстары алғаш рет сатылымға шығарылды.

2010 жылы қазақстандық көрнекті қоғам қайраткерлері Еркеғали Рахмадиев пен Жабайхан Әбділдинге халықаралық «Древо жизни» марапаты табысталды. Аталмыш марапатты Ресей Федерациясы Кеңесінің қолдауымен ТМД қатысушы-елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы, «Древо жизни» қоры және «Арт-ассамблея» продюсерлік орталығы бекіткен. Өнер, ғылым, мәдениет, саясат және спорттағы көрнекті қоғам қайраткерлеріне ғұмырын шығармашылыққа арнағаны үшін беріледі.

2014 жылы Қазақстан мен Багам аралдары дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Дипломатиялық серіктестік ҚР-ның Канададағы елшісі Константин Жигаловтың Багам астанасы Нассау қаласына сапары кезінде орнады.

2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация бекітілді. Түрлі құрлықтар мен өңірлік топтар атынан өкілдік еткен 35 мемлекет – тиісті қарардың тең авторы.

2015 жылы Алматы облысының Қаратал ауданында Төле бидің немересі, Жалайыр руынан шыққан, қазақ халқының тарихында орны ерекше тұлға – Ескелді би (1695-1770) кесенесі қайта жаңартылып ашылды. Ескелді Жылкелдіұлы атақты Төле бидің Ұланбике атты қызынан туған жиен немересі. Әділ төрелігі мен бойындағы қасиеті аңызға айналған тарихи тұлға. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Ескелді би ерекше қайсарлық танытқан.

2016 жылы Еуропалық комиссия барлық қазақстандық авиакомпанияларды қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін ұшырулардың қауіпсіздігі бойынша «қара тізімнен» алып тастады.

2016 жылы Универсиаданың жаңа нысаны «Алматы аренада» 2017 жылғы 28-ші қысқы Универсиадаға арналған марканың айналымға жіберу процедурасы өтті. «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежузілік қысқы Универсиада» тақырыбындағы «Спорт» топтамасындағы пошталық блоктың маркасы 4 бояулы офсетті тәсілмен басылған, перфорациясы жақтаулы. Блоктың өлшемі 90 х 100 мм. Марканың өлшемі 28 х 40 мм. Таралымы – 7 500 блок. Суретші К. Плужникова. Белгіленген бағасы 300 теңге. Пошталық маркалар «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот Фабрикасы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылды.

2017 жылы Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы меценаттардың республикалық форумын өткізді. Шара аясында ұйымның «Жомарт жан» атты төсбелгісі алғаш рет табысталды.

2018 жылы Астанада туризм саласындағы «National Tourism Awards» тұңғыш ұлттық премиясын табыстау салтанаты өтті. Премия туристік мәдениетті қалыптастыру, сала қатысушыларының кәсібилігін арттыру және туристік қызметтердің сапасын жақсарту арқылы отандық туризмді дамытуға бағытталған.

2020 жылы Еуропалық одақ және Біріккен Ұлттар ұйымы әйелдер мен балаларға қатысты зорлықтың барлық формаларын жоюға бағытталған «Жарық сәулесі» атты жаңа ұзақмерзімді жаһандық бастамны жүзеге асыруға кірісті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «Жарық сәулесі» бастамасын ұлттық және өңірлік деңгейлерде іске асырылуын толық қолдайтынын білдірді.

2021 жылы Канн қаласында CANNES SHORTS қысқаметражды фильмдер фестивалінде режиссер Маржан Бекмағанбетова түсірген қазақстандық «Мәриям» фильмі арнайы сыйлыққа (Көрермен көзайымы) ие болды.

Канн кинофестивалі – әлемге әйгілі суретшілер мен режиссерлер жас таланттарды таныту мүмкіндігі ретінде жасаған бірегей кинофестиваль.

2021 жылы Петропавлда Сәлімхан Сәбитов тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған адамдарға арналған, Қазақстандағы бірінші және әзірге жалғыз «Тең құқық» атауы бар автомектеп ашты.

Екі жыл ішінде автомектеп 28 адам оқытса, оның жетеуі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның қызметіне мүмкіндігі шектеулі емес жандар үлкен қызығушылық танытып, рөлде сенімділікке үйретуін өтінді.

2021 жылы Қазақстанда алғаш рет Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енген және сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түр мәртебесіне ие қар барысын ол тіршілік ететін 12 елде, соның ішінде Қазақстанда бақылау үшін спутниктік телеметрия әдісі қолданылды.

Спутниктік жабдық – бұл көші-қонды одан әрі зерттеу, қауіпті анықтау және оны азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жануарлардың қозғалысы туралы ақпаратты мамандарға жіберетін жағалар. Олар экологиялық таза және қауіпсіз, жануарлар Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Непал, Пәкістан және Ресей сияқты елдерде сәтті және бірнеше рет әзірленген гуманистік және қауіпсіз әдіспен ұсталады. Әдістің мәні – жануарларды аулау процесі адамның тікелей қатысуынсыз жүреді, бұл жануардың жарақат алу, күйзеліске түсу қаупін айтарлықтай төмендетеді.


Соңғы жаңалықтар