Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2018 жылғы 8 желтоқсан 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 8 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.


8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

8 желтоқсан. СЕНБІ

Халықаралық суретшілер күні

Атаулы күн әлемдік ауқымдағы қоғамдық-маңызды оқиғалар күнтізбесіне 2007 жылы енгізілді. Оған «Әлем халықтары өнері» Халықаралық қауымдастығының өкілдері бастамашыл болды.

Өзбекстанның Конституциясы күні

1992 жылғы 8 желтоқсанда өткен Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің 11-сессиясында қабылданды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы шешім қабылданды. 1991 жылы 21 желтоқсан күні Алматыда ТМД-ның Басты қағидалары мен мақсаттары декларациясына Беларусь, Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қол қойды. 1993 жылы ТМД-ның Жарғысы қабылданды. Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Мемлекетаралық экономикалық кеңес, Санкт-Петербургтағы үкіметаралық ассамблеяның орталығы секілді тағы басқа органдары құрылды. ТМД-ның тұрақты жұмыс істейтін органы - Минскідегі үйлестіру кеңесі комитеті.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы құрылды, оның президенті болып О.Жолдасбеков тағайындалды. Қазіргі күні Ұлттық инженерлік академия құрамында 20-дан астам ғылыми-өндіріс орталығы жұмыс істейді, ол бүкіл Қазақстандағы технопарктердің құрылуы мен дамуына белсенді қатысады, оның бөлімдері мен филиалдары аймақтағы өндіруші кәсіпорындармен тығыз байланыста.

2009 жылы Осакада (Жапония) Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі болып өтті. Құрметті консул болып әлемге танымал «Тошиба» корпорациясының вице-президенті Широ Кавашита тағайындалды. Консулдықтың ашылу салтанатына Жапонияның ресми тұлғалары, ірі компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елшілік аумағында Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Осакадағы Құрметті консулдығының басты міндеті - екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту.

2010 жылы қазақстандық ғарыш тарихына арналған «Әлем көшбасшысы» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Фильмде ұшқыш-ғарышкер, Ресей Қаһарманы және Қазақстанның Халық Қаһарманы, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың еңбек жолы туралы баяндалады.

2010 жылы Нью-Йорктегі  Christie's аукционына қазақстандық көркемсурет және мүсін шеберлерінің жұмыстары шығарылды.

Бұл Қазақстан үшін ерекше оқиға болды. Танымал аукцион үйінің 230 жылдық тарихында мұнда қазақстандықтардың жұмыстары алғаш рет сатылымға шығарылды.

2011 жылы Елбасы - ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Астанадағы генерал С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешенін ашты.

2012 жылы Астана қаласының Керей, Жәнібек хандар көшесінде орналасқан «Тілеп - қобыз сарайы» жаңа концерттік залы салтанатты түрде елорда тұрғындары мен қонақтарына есігін ашты. Қазақтың ұлттық музыка аспабы қобыз бен ұлы қобызшы Тілеп Аспантайұлына арналған бірегей концерттік залдың негізін қалаған - қобызшының бесінші ұрпағы Сапар Ысқақов.

2014 жылы Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ЖОО-лары тарихында алғашқы медициналық диагностикалық орталық жұмысын ашты.

Орталықта университет студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамын скринингтік тексеру жүргізіледі. Диагностика қояды, кеңес береді. Студенттерге қызмет тегін.

Орталық жұмысында пайдаланылған «U-Health» телемедицина жүйесі диагностика жүргізуге, телекоммуникациялық жабдық көмегімен онлайн режімде кеңес беру үшін «Кангнам Северанс» клиникасының мамандарына науқастардың деректерін беруге мүмкіндік береді.

2015 жылы Астананың Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры Мәскеуде XIII халықаралық театр фестивалінде «Алтын батыр» бас жүлдесін алды.

Қазақ театры фестивальде орыс драматургі Валентина Ежованың «Бұлбұл түні» туындысының желісі бойынша «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасын қойды. Ол өз жұмысын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнады.

2015 жылы Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің V Съезінің материалдарынан жиналған кітап-альбом жарық көрді. Онда халықаралық саясат, дінаралық қатынастар және мәдениеттердің өзара ықпалдастығы мәселелері қамтылған.  

2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация бекітілді. Түрлі құрлықтар мен өңірлік топтар атынан өкілдік еткен 35 мемлекет - тиісті қарардың тең авторы.

2015 жылы Алматы облысының Қаратал ауданында Төле бидің немересі, Жалайыр руынан шыққан, қазақ халқының тарихында орны ерекше тұлға - Ескелді би (1695-1770) кесенесі қайта жаңартылып ашылды.  Ескелді Жылкелдіұлы атақты Төле бидің Ұланбике атты қызынан туған жиен немересі. Әділ төрелігі мен бойындағы қасиеті аңызға айналған тарихи тұлға. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Ескелді би ерекше қайсарлық танытқан.

2016 жылы Еуропалық комиссия барлық қазақстандық авиакомпанияларды қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін ұшырылымдардың қауіпсіздігі бойынша «қара тізімнен» алып тастады.

2017 жылы Астанада Қазақстан xалқы Ассамблеясы меценаттардың республикалық форумын өткізді. Шара аясында ұйымның «Жомарт жан» атты төсбелгісі алғаш рет табысталды.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT