+7 (701) 759 90 19
USD 430.39 EUR 515.52
RUB 5.68 CNY 66.03
Jańalyqtar

8 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 8 наурыз 07:00
Бөлісіңіз:
8 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 8 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық әйелдер күні

Алғашқы кезде бұл мерекенің саяси маңызы болды. 1910 жылы Копенгагендегі социалист әйелдердің халықаралық конференциясында герман және халықаралық жұмысшы қозғалысының қайраткері К. Цеткиннің ұсынысы бойынша наурыздың 8-ін Халықаралық әйелдер күні ретінде атап өту туралы шешім қабылданды. 1914 жылдан кейін көп елдерде нақ осы күн әйелдер мерекесі ретінде атап өтілетін болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, сол жылғы наурыздың 8-інен бастап Әйелдер құқын қорғау және халықаралық бейбітшілік күнін өткізе бастады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1958 жылы Қазақстан Республикасы Телерадиокешенінің дәуірі басталды. Осы күні Алматы студиясында алғашқы хабар эфирге шықты. Көп кешікпей студия ұдайы, апталық бес сағаттық хабар таратуға көшті. Одан кейінгі жылдары республиканың басқа да қалаларына, бүкіл Қазақстанға хабар таратыла бастады. Баспасөз бен киноның бай тәжірибесіне сүйене отырып, телеөнерге тән бірегей сапаны иелене отырып, теледидар әр үйге сеніммен кіріп, отбасының бір мүшесіне айналды. 60-шы жылдары негізінен футбол матчтарынан, концерттерден, мерекелік шерулерден тікелей хабарлар берілді.

Қазақ телевизиясының бастауында көрнекті инженер Виктор Тюленев, Гүлжан Балпанбаева, радиотелеорталығының алғашқы директоры Рамазан Файзуллин және басқалар тұрды. Әрқашан да теледидар дикторлары оның айнасы сияқты болды. Қазақ теледидарының алғашқы дикторлары Нелли Омарова, Зұлқия Жұматова, Ләзиза Аймашева, Орынбала Оразбаева көрермендер құрметіне бөленді. Кейінірек олардың легіне Ласкер Сейітов, Мариам Айымбетова, Всеволод Иванов, Лидия Тельменко, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтебаев қосылды.

Бүгінде «Қазақстан» телеарнасы - елдің ірі медиаресурсы. Техникалық жарақтандырылуы Қазақстан аумағын 100 пайызға дерлік қамтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қытай және Моңғолияның шекаралық аумағын қамтиды. 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті.

2010 жылы Француз режиссері Катрин Пеш Қазақстанның алмасы туралы деректі фильм түсірді. Қазақ жерінде түсірілген бұл деректі фильмді ғылыми деп те айтуға болады. Картина авторының сөзіне сенсек, алмалардың 165 миллион жылдық тарихы бар. Олардың алғашқысы қазақ даласында, оның ішінде Тян-Шань тауларында пайда болған екен. Жабайы болғанымен жеуге жарамды алмамызды әлемге танытқан Сиеверси ғалымы болғандықтан, оның атауы да «сиеверси» алмасы деп аталып кеткен (Малюс Сиеверси). Қазір әлемде алманың 6 мыңдай түрі бар. Соның бәрі «Малюс сиеверсиден» тараған көрінеді. Алманың бұл түрін кейін белгілі академик Аймақ Жанғалиев жан-жақты зерттеген. К.Пеш өз фильмінде алмалардың атасы болып табылатын қазақ алмалары Еуропаға қалай түскенін анықтауға тырысқан. Оның пікірінше, жануарлар мен адамдар арқылы, әсіресе «Жібек Жолы» арқылы тасымалданған. Сондай-ақ А.Македонскийден бастап, сол кездегі басқа да қолбасшылар катапульта ретінде алмаларды қолданғандықтан, оларға деген сұраныс жоғары болған.

2010 жылы Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі және Ирактағы елшісі қызметін қоса атқаратын Болат Сәрсенбаев Бағдадта Ирактағы парламенттік сайлауда Тәуелсіз жоғары сайлау комиссиясына Қазақстан атынан халықаралық байқаушы ретінде тіркелді.

2010 жылы Вена қаласында өткен БҰҰ Есірткі заттары жөніндегі Комиссия сессиясы аясында Қазақстан Ауғанстаннан таралатын заңсыз есірткі айналымына қарсы күрестегі өңірлік ынтымақтастықты нығайту туралы қарардың бірлескен авторы болды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов Ұлы мәртебелі ІІ Елизавета патшайымға сенім грамотасын тапсырды. Букингем сарайында өткен салтанатты шарада Ерлан Ыдырысов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан ІІ Елизаветаны таққа отырғанына 65 жыл толуымен құттықтады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Балнұр Қожагелді

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT