8 миллион қазақстандық 42 мың теңгені алуға өтініш берген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылған қанша адамға 42 500 теңге әлеуметтік төлемі берілгендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өтініш беру үдерісін барынша жеңілдеттік. Ол үшін әртүрлі техникалық шешімдер іске асырылды: 42500.enbek.kz веб-порталы; «Электрондық үкіметтің» веб-порталы; 18 Telegram-бот; ұялы телефон нөмірі тіркелсе, өтінім берусіз. Банктердегі ұзын-сонар кезектің пайда болу қаупін азайту мақсатында, банк деректемелерінсіз өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды. Есепшоттарды онлайн ашу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы өтініштерді беру және қарау үдерісін тездетуге мүмкіндік берді. Барлығы 8 миллион адам өтініш берді, оның 4,6 миллионына тағайындалды. Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды», - деді Ақмәди Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Вице-министрдің айтуынша, алғаш рет 194,2 млрд теңге сомасындағы 4,6 млн төлем тағайындалды. Оның ішінде бірінші айға 158,9 млрд теңге сомасында 3,7 млн, екінші айға 35,4 млрд теңгеге 834 мың өтініш мақұлданды. Екінші айда 2,9 миллион адамға төлем ұзартылып, 122,2 млрд теңге төленді.

«Біз бұған дейін де айтқанымыздай, жалдамалы қызметкерлерге әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудың басты шарты - бұл ақысыз демалыста болу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, ал басқа санаттар үшін - төтенше жағдай кезінде толық кірістен айырылу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі болды. Ал азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жарналарының болуы сұралды», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар