Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

8 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2013 жылғы 8 мамыр 06:50
Поделиться:

АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 8 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

8 МАМЫР, СӘРСЕНБІ

Бүкілдүниежүзілік Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест күні. 1953 жылдан бастап, «Қызыл Крест» халықаралық қоғамының негізін қалаушы, швейцар гуманисі, қоғам қайраткері, Нобель сыйлығының иегері Анри Дюнанның құрметіне жыл сайын атап өтіледі. Ал қозғалыстың өзі 1863 жылы Жаралыларға көмек көрсету жөніндегі халықаралық комиссия құрылған кезде пайда болып, алғашында соғыс майдангерлеріне және ұрыс барысында жарақаттанғандарға көмек көрсететін болған. 1864 жылдың тамызында Швейцарияда қол қойылған конвенцияға сәйкес, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің символы ретінде ақ түстегі Қызыл Крест алынған. 1906 жылы Осман империясында мұсылман елдерінің Қызыл Крестке ұқсас Қызыл Жарты ай қайырымдылық қоры құрылды. Осы екі қауымдастық та Женева қаласында штаб-пәтері орналасқан Халықаралық комитетке бағынышты. Әскери уақытта Комитет соғысушы елдермен және Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай аумақтық бөлімшелері арасында делдалық қызмет атқарады. Бұл ұйымның өкілдері тұтқындар мен босқындар лагерлері аймағына бөгетсіз өту құқықтары бар. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі қозғалыс әлемнің 180 еліндегі 400 миллионнан астам адамды біріктіреді. 2002 жылы Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты ай ұлттық қоғамы құрылып, 2003 жылдың желтоқсан айында Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары Халықаралық федерациясына қабылданды.

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға арналған зерде және татуласу күні. 2004 жылғы қарашаның 22-інде Бас Ассамблея мамырдың 8-і мен 9-ын зерде және татуласу күні деп жариялап, мүше-мемлекеттердің әрқайсысы өз жеңіс күні, азат етілген күні және мереке күнін белгілей алатынын мойындай отырып, барлық мүше-мемлекеттерге, БҰҰ жүйесіндегі ұйымдарға, үкіметтік емес ұйымдарға және жеке тұлғаларға жыл сайын осы екі күннің біреуін немесе екеуін де Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандары құрметіне атап өтуге шақырды.

Еуропа күні. 1950 жылы мамырдың 9-ында Парижде Франция сыртқы істер министрі Робер Шуман Франция, Германия және басқа еуропа елдерінің көмір және болат құятын өнеркәсіп салаларын (әскери техника өндіру негіздерін) біріктіріп, оны жаңа ұлттық құрылым басқармасына беруге шақырды. 1985 жылы Милан саммитінде Еуроодақ көшбасшылары Шуман Декларациясын мәңгі есте сақтауға шешім шығарып, жыл сайын мамырдың 9-ын «Еуропа күні» деп бекітті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

48 жыл бұрын (1965) Байқоңыр ғарыш айлағы Ленин орденімен марапатталды.

38 жыл бұрын (1975) Алматы қаласындағы 28 панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалы ашылды. Сәулетшілері - Т.Бәсенов, Г.Сейдалин, В.Ким, мүсіншілері - В.Андрющенко, Р.Артимович. Жауға қарсы ұмтылған жауынгерлер бейнеленген мүсіндік композиция мемориалдың төріне орнатылған. Мүсіндік композиция алдындағы алаңға мәңгілік алау жағылып, оның екі қапталы ұзын гранит қорған-қабырғамен қоршалған. Қабырғада «Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін шайқаста ерлікпен қаза болғандардың даңқы мәңгі арта берсін» деген жазу, ал екі босағасында «Даңқ кернейшісі» және «Ант» деп аталатын мүсіндік топтама бар. Мемориалға кіре берісте Ұлы Отан соғысындағы одақтас халықтардың қаны төгілген «қаһарман қалалардың» топырағы сақтаулы сандықтастар қойылған. 

20 жыл бұрын (1993) тәуелсіз қазақ мемлекеті тарихында алғаш рет Алматы қаласындағы Республика алаңында әскери шеру өтті.

6 жыл бұрын (2007) Семейде Жоғарғы Ертiс өзені пароход шаруашылығының қызметi туралы және барлық тарихи айғақтар мен мәлiметтер жиналған ерекше басылым жарық көрді. Кітаптың авторы - Ұлы Отан соғысының ардагері, пароход шаруашылығының қария қызметкері Николай Верещагин.

Мұндағы 1930-1990 жылдардағы пароход шаруашылығының құрылуынан бастап және оның қызметінің тоқталуына дейінгі қамтылған барлық деректер мұрағаттан алынған құжаттар мен суреттерге негізделген.

Кітап шығысқазақстандық су жолдары кәсіпорнының қолдауымен жарық көрді.

4 жыл бұрын (2009) Елордалық «Жастар» сарайында Памирдегі 1995 жылғы 7 сәуірдегі оқиға туралы әңгімелейтін «Қазбат» деректі фильмінің таныстырылымы болды.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы» 1992 жылғы 15 мамырдағы мемлекетаралық шартқа сәйкес ел басшылығы Қалайқұм қаласы аумағындағы тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын нығайту үшін Қазақстан Республикасының қосынды батальонының құрамында ІІМ Ішкі әскерлерінің қосынды ротасын жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Ауысымды кесте бойынша осы кезең ішінде Ішкі әскерлер жедел құрамының бөлімшелерінен 20 қосынды рота жасақталды. 1995 жылғы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында Ішкі әскерлер моджахедтермен ұрыста 17 жауынгерінен айырылды. Боздақтар Отанның және ТМД елдерінің мүддесін қорғау жолында опат болды.

Деректі фильмнің авторы қоюшы режиссер Рустам Одинаев. «Қазбат» фильмі ұрысқа тікелей қатысқан жауынгерлердің және әр жылдары тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен әскери қызметшілердің естеліктері бойынша шынайы оқиғалардың негізінде жасалған.

Фильмнің таныстырылымы Жеңіс күні қарсаңында өтті, оның негізгі мақсаты - жастарға отансүйгіштік тәрбие беру. Шараға ардагерлер, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

4 жыл бұрын (2009) елордадағы Көктал тұрғын кентіндегі саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне орнатылған мемориалдық барельефтің салтанатты ашылуы болды. Ескі ескерткішке қашап жазылған С.М.Киров кеңшарынан майданға аттанып, қаза тапқан 74 жауынгердің есімі жаңа тақтаға толығымен көшірілді.

4 жыл бұрын (2009) «Жазушы» баспасынан Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісі реформаторының 100-жылдық мерейтойына арналған «Сафи Өтебаев» атты кітабы жарық көрді. Авторы - танымал журналист Нұрлыбек Сафин, Бақытжан Жұмалиева орыс тіліне тәржімалаған.

Сафи Өтебаев (1909-2007) - Қазақ ССР-нің ғылым мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ақтау, Атырау қалаларының және Атырау облысындағы Жылысой ауданының құрметті азаматы. Елімізде Кеңқияқ, Күлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ленин, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы», «Отан», 2-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, медалдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Сафи Өтебаев» кітабы «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясынан басып шығарылған.

4 жыл бұрын (2009) Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің Жарлығымен еліміздің М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Толоконников Достық орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының азаматы, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс театрының әртісі Владимир Алексеевич Толоконниковтің театр және кинематография өнерін дамытуға, Қазақстан Республикасында орыс мәдениеті мен орыс тілін таратуға қосқан зор үлесі атап көрсетілген.

127 жыл бұрын (1886) тегі Атланталық дәрігер Пемпертон мыс тегенеге тәтті әрі қою және кәдімгі шәрбатқа ұқсамайтын жаңа өнім қайнатқан еді. Бұл қазіргі «Кока-кола» сусынының  рецепті болатын.  Ол өзі өндірген осы ғажайып эликсир бас ауруына және де басқа да сырқат түрлеріне дәру болады деп ойлаған. Кейінірек осы жаңа өнімге газдалған су қосқан. 2000 жылы неміс Удо Поллмер мен Сюзанна Вармут, бүгінгі таңда дүниежүзіне танымал болған осы сусынның рецептін тапты. Шырынның 99,5 пайызын көмір қышқылды газды су, ал қалған 0,5 пайызын кола жапырағы, ваниль, кофеин және какао концентраты, шамалы лимон шырыны, мандарин қабығының тұнбасы, тропикалық май тамшысы мен мимоза ағашы тамырының сіріндісі (экстракт) құрайды.

ЕСІМДЕР

73 жыл бұрын (1940-2008) жазушы СӘМИТҰЛЫ Жақсылық дүниеге келді.

ҚХР-дың Жеменей ауданы, Ласты мекенінде туған. Шыңжаң институтының филология факультетін бітірген (1959). 1959-1979 жж. солшыл саясат кезінде «ұлтшыл» атанып, айдауда болған. 1980-
1989 жж. «Алтай аясы» журналында бас редактор, 1989-1993 жж. Шыңжаң телевидениесінде редактор. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетінде доцент, біраз жылдар ұстаздық қызмет атқарған.
1957 жылдан бастап әдебиетке араласқан. Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1985). «Сергелдең» трилогиясының бірінші және екінші кітабы (1996-2000), «Қытайдағы қазақтар» атты монографиясы (2000) басылып шықты.
Шығармалары: Атамекен. Повесть. «Үрімші», 1983; Тау самалы. Повесть. «Үрімші», 1985; Ақ тілек. Повесть. «Күйтін», 1990; Ақ сәуле. Повесть. «Үрімші», 1992; Сергелдең. Роман. 1-кітап. А., «Ана тілі», 1996.

97 жыл бұрын (1916-1973) Кеңес Одағының Батыры КӨБІКОВ Хамит Қожабергенұлы дүниеге келді.

Талдықорған облысының Панфилов ауданында туған. Педагогикалық курс бітіргеннен кейін Панфилов ауданы ұжымшарында ұстаздық еткен. 1942 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол 1945 жылы қаңтардың 23-і күні Одер өзенін кесіп өтіп, жаудың минометтік батареясын, БТР-ін және бір взвод солдатының көзін жойып, атқыштар бөлімшесінің өзеннен еркін өтуіне жол ашқан. 1946 жылы әскер қатарынан босанып, Қазақстан КП ОК-і жанындағы партия мектебін бітірген. Өмірінің соңына дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Ленин, 2-ші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

46 жыл бұрын (1967)  Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасы ОСПАНОВ Мұрат Мағауияұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Семей технологиялық институтының инженер-механик, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің - есеп және аудит бакалавры, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің - экономика магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған.
1986 -1988 жылдары Кеңес армиясының қатарында әскери міндетін өтеді.
Еңбек жолын мелиорация жүйесінде бастады. 1988-1991 жылдары «Казгипроводхоз» институтының жобалау бөлімінің технигі, өндірістік-техникалық бөлімінің инженері, «Семипалатинскмелиорация» ПСЭО ПМК-56 шебері болып еңбек етті.
1999-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді.
2002 жылы Семей қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
2004-2008 жылдары мемлекеттік сатып алу жөніндегі басқараманың бастығы, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы лауазымдарын атқарды.
2008 жылғы қаңтардан бастап - Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары.
2008 жылғы қазан - 2010 жылдар аралығында - Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы.
2010 жылғы қарашадан бастап - Павлодар облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болды.
2012 жылғы 23 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының лауазымына тағайындалды.

42 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі CКЛЯР Роман Васильевич дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Экибастузуглеавтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесарь, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген.

1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен.

2002-2003 жылдарында ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарлармен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған.

2003-2005 жылдарында Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқарма бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары болып жұмыс істеген.

2006-2007 жылдары Астана қаласының әкім аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры болып еңбек еткен.

2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен.

2011 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдерімен марапатталған.

 76 жыл бұрын (1937) «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер ӘШІМОВ Асаналы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туылған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген, драма театрының актері. Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры. Бірнеше кітаптардың авторы.

«Ботагөз», «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда», «Ұшы-қиырсыз жол» «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және басқа да көптеген фильмдерге түскен. Театрда «Абай» спектаклінде Абай, «Еңлік-Кебекте» Кебек, «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ, « Қан мен терде» Еламан рөлдерін сомдады. Н.Гогольдің «Ревизорын», «Мүсіреповтің «Амангелді», Н.Оранбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» Ж.Аймауытовтың «Ақбілек»  спектакльдерін сахналады. «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» , «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерін түсірді.

1990 жылдан «Елім-ай» киностудиясының президенті.

«Отан» орденімен, М.В.Ломоносов, «Алтын қыран» ордендерімен марапатталған. КСРО және ҚР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.   

58 жыл бұрын(1955) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті КИМ Роман Ухенович дүниеге келді.

Алматы облысының Үштөбе қаласында туған. Ұлты кәріс. Алматы мал дәрігерлік институтын «мал дәрігері» мамандығы бойынша, Экономика және құқық академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Ташкент метрология және стандарттау институтының, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының курстарын аяқтаған. Еңбек қызметін 1979 жылы Қазақ КСР Дайындау министрлігінде Алматы аймақтық зертханасы бөлімінің бастығы болып бастаған. 1993-1995 жж. - басқарма бастығының орынбасары, одан кейін маркетинг басқармасының бастығы. 1995-1999 жж. - «Комбикорм» АҚ -ның бірінші вице-президенті. 1999-2002 жж. - Алматы облысы Қаратал ауданының әкімі. 2002-2007 жж. - «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» РҚБ-нің бірінші вице-президенті. 2007 жылдан бастап «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы» РҚБ-нің президенті. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі. 2005-2008 жж. - «Шағын және орта бизнесті дамыту федерациясы» СЮЛ директорлар кенесінің төрағасы. 2007-2010 жж. - «Caspian Group» АҚ директорлар кенесінің төрағасы. 2012 жылдың қаңтарынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған. Корея Республикасы Президентінің жанындағы Кореяның бейбіт және демократиялы бірігуі жөніндегі Косультативтік комитеттің мүшесі. Кәріс бизнесмендерінің Әлемдік форумы алқасының мүшесі.

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен мараптталған.

Корея Республикасы Президентінің белгісімен марапатталған.

Қазақстанның хапкидо федерациясының құрметті президенті.

54 жылы бұрын (1959) ҚР ІІМ Ішкі әскерлер Әскери институтының бастығы, полковник АХМЕТОВ Жұмабек Хатиоллаұлы дүниеге келді.

.Гурьев (Атырау) қаласында туған. 1982 жылы КСРО ІІМ БЛКЖО 60 жылдығы атындағы Жоғары саяси училищесін алтын медальға және 1992 жылы Ресей Қарулы Күштерінің Гуманитарлық академиясын үздік бітірген.

Әскери ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының толық мүшесі (академик). 2006 жылы 18 қантарда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ішкісмині ішкі әскерлері Жоғары әскери училище бастығы лауазымына тағайындалды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері.

1993 жылы тәжік-ауған учаскесіндегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекарасын қорғауда интернационалдық міндетін атқарды. «Жауынгерлік ерлігі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігене 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 10 жыл», III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» тағы басқа медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы білім беру саласындағы құрметті қызметкері.

185 жыл бұрын (1828-1910) швейцарлық қоғам қайраткері, «Қызыл крест» ұйымын құруға бастамашы Жан ДЮНАН дүниеге келді.

129 жыл бұрын (1884-1972) АҚШ-тың 33-ші президенті (1945-1953) Гарри ТРУМЭН дүниеге келді.

.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT