8 қазан. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 8 қазанға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Камбоджа Корольдігіндегі, Лаос Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Ерлан Сапарұлы БАЙЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1985), аспирантурасын (1988) тәмамдаған. Филология ғылымының кандидаты. Журналист.

1989-1990 жылдары – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1990-1991 жылдары – «Советы Казахстана» газеті редакциясының парламенттік шолушысы, бөлім меңгерушісі. 1991-1996 жылдары кәсіпкерлік саласында жұмыс істеді. 1996 жылдың сәуірінен – СІМ баспасөз қызметінің бірінші хатшысы, СІМ ақпарат және баспасөз бөлімінің меңгерушісі. 1997 жылдың қаңтарынан – ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары. 2004 жылдың наурызынан – Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінде кеңесші-уәкіл, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі Шарт ұйымында өкілетті өкіл. 2005 жылдың тамызынан – ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт бірінші вице-министрі. 2006 жылдың ақпанынан – ҚР Президентінің Әкімшілігі Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі. 2007 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2008-2010 жылдары – «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингінің басқарма төрағасы. 2009-2011 жылдары – «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры; «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры (2011-2014); «Медиа Консул» жекеменшік компаниясының бас директоры, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасының кеңесшісі; Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясына жіберілген уәкіл кеңесшісі (2014-2019).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2019 жылы кірісті.

«ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен, ҚР Президентінің Алғысхатымен марапатталған.

50 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысы Асқар Ахметұлы ЖОЛАМАНОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген (1993); Қазақ политехникалық институты жанындағы әскери дайындықтан өткен (1992).

Еңбек жолы: взвод командирінен бастап штаб бастығы – әскери бөлім командирінің орынбасарына дейінгі әртүрлі лауазымдарда қызмет етті (1994-2005); Михайлов әскери артиллериялық академиясының тыңдаушысы болды (2005-2007); 29108 әскери бөлімі командирінің орынбасары (2007); 10181 әскери бөлімінің командирі (2007-2011); Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының оқ атумен зақымдау жөніндегі орынбасары – ҚР ҚК АэҰӘ қолбасшысы басқармасы әскер тектері артиллериясының бастығы (2011-2012); ҚР ҚК АэҰӘ қолбасшысы басқармасы зымыран әскерлері мен артиллерия бастығы (2012-2013); Ұлттық қорғаныс университеті ӘМБ факультетінің тыңдаушысы (2013-2015); ҚР ҚК Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы (2015-2017); Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысының орынбасары – ҚР ҚК Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысы басқармасының штаб бастығы (2017-2018).

Қазіргі лауазымын 2018 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.

50 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасының Қазандағы бас консулы Ерлан Узанұлы ЫСҚАҚОВ дүниеге келген.

Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығымен бітірген (1993).

Еңбек жолы: 1994 жылдан бастап СІМ жүйесінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді; онда әртүрлі басшылық жұмыстарды атқарды (2002 – 2008); Алматы қаласындағы «МЕТРО Кэш энд Кэрри» ЖШС компаниясы Бас директорының орынбасары (2008-2014); Германия Федеративтік Республикасындағы ҚР Елшілігінің Кеңесшісі, кеңесші-уәкілі (2014-2017); ҚР СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары (2018-2019); Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы (2019-2021); ҚР СІМ аппаратының жетекшісі (2021).

І сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2021 жылғы қыркүйекте кірісті.

45 жыл бұрын (1976) ​​Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Ермұхамбет Болатпекұлы ҚОНЫСПАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін, Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық университетінің магистратурасын Еуропалық зерттеулер мамандығы бойынша бітірді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының түлегі. Дипломатиялық қызметін ҚР Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде 2001 жылы Екіжақты ынтымақтастық департаментінің атташесінен бастады. 2002-2003 жылдары – Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде атташе. 2003-2007 жылдары Қазақстанның Аустриядағы Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшы қызметін атқарды. 2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне аға кеңесші ретінде жұмысқа ауысты. 2008-2014 жылдары Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің бірінші хатшысы және кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014-2017 жылдары – Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаменті директорының орынбасары. 2017 жылдың тамыз айынан қазан айына дейін СІМ Еуразиялық интеграция департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болды. 2017-2019 жылдары – СІМ Еуразиялық интеграция департаментінің директоры.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2019 жылғы қазанда кірісті.

43 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Сансызбайұлы ҚЫСТАФИН дүниеге келді.

Қарағандыда туған. Е. Буктов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, халықаралық заңгер мамандығын алған. Одан кейін Брюссель қаласындағы Еуропалық халықаралық стратегиялық зерттеулер институтынан халықаралық қатынастар магистрі болып шығады.

Еңбек жолы: 1999 жылы – Нұр-Сұлтан қаласы әділет басқармасының сот приставы; 2001-2002 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі заң қызметі департаментіндегі жұмыс; ҚР СІМ халықаралық құқық департаментінде атташе. 2002-2005 жылдары – ҚР СІМ аппаратының заң бөлімінің үшінші хатшысы, бастығы; 2005-2007 жылдары – ҚР СІМ мемлекеттік тіл және заң сараптамасы басқармасының бастығы; 2007-2009 жылдары – ҚР СІМ әкімшілік департаменті директорының орынбасары; 2009-2010 жылдары – ҚР СІМ әкімшілік департаментінің директоры; 2010-2015 жылдары – ҚР-ның Бельгиядағы елшілігінің кеңесші уәкілі; 2016-2019 жылдары – ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің жетекшісі; 2019-2021 жылдары – ҚР-ның АҚШ-тағы кеңесші уәкілі.

2021 жылдың мамырынан бастап қазіргі қызметінде.


Соңғы жаңалықтар