8 бала тәрбиелеп отырған әскери қызметкер

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық Қонысбек Беделбекұлы еліміздің қорғаныс саласында 2008 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ ол отбасында сегіз перзент тәрбиелеп отырған үлгілі шаңырақ иесі атанып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қонысбек Беделбекұлы Қызылорда қаласындағы Ұлттық ұланның №5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі. 2008 жылдан бері қорғаныс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бүгінде әскери бөлімде қарауыл бастығы-бөлініс бастығы қызметін атқарады. Оның жалпы еңбек өтілі 21 жылды құрайды. Өз қызметінде мол тәжірибе жинақтаған ол басшылық тарапынан оң бағаланады. Қонысбек қызметте сенімді дос, беделді әріптес.

«Әскери сала үнемі жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан әрдайым Отан қорғау жолында кірпік қақпастан қызмет етіп келеміз. Азаматтық борышын өтеуге келген жас жауынгерлерге ақыл-кеңесімізді аямаймыз. Оларға әскери өмірдің қыр-cырын үйретеміз», - дейді ол.

Сондай-ақ ол отбасында үлгілі әке. Жары Айзат Нұрымбетова екеуі сегіз баланы тәрбиелеп отыр. Олардың Заманбек, Ақбота, Ақзере, Санжар, Мереке, Зиннұр, Айша, Әсия ұл-қыздары өсіп келеді.

Жұбайы Айзат Әбдіқайырқызы Қызылорда облыстық тубдиспансер орталығында медбике болып жұмыс жасаған. Қазір үй шаруасында, балалардың тәрбиесімен айналысады. Ардақты ана «Күміс» және «Алтын алқа» иегері.

«Бейбіт күннің тыныштығы біз үшін әрдайым қымбат. Сол жолда тынбай еңбек етіп келеміз. Әрбір арайлап атқан таңның бағасы өлшеусіз. Сондықтан әрбіріміз туған еліміздің бейбітшілігі үшін тілеулес екеніміз белгілі», - дейді ол.

Өнегелі отбасы 2018 жылдың желтоқсан айында «Әскери баспана» бағдарламасы арқылы 4 бөлмелі пәтерге ие болған.


Соңғы жаңалықтар