8 айда өсімдіктер карантиніне қатысты 2,7 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 8 айында Қазақстанға әкелінетін жүктерді тексеру кезінде өсімдіктер карантині саласында 2,7 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бапасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, көп жағдайда өсімдік өнімдерін импорттаушылар тауарларды міндетті фитосанитариялық сертификаттарсыз алып келуге тырысады. Сондай-ақ, осыған дейін жалған немесе сәйкес келмейтін сертификатпен, тыйым салынған және зиянкестері бар өнімдерді елге кіргізу әрекеттерінің көптеген жолы қиылды.

Аталған фактілер бойынша 2225 жеке және заңды тұлғаға 110 879 243 теңге айыппұл салынды. 720 жағдайда жүк қайта жөнелтуші елге қайтарылды (9992 тонна, 1259 м3 және 1 701 273 дана), 8 жағдайда өнім жойылды, үш жағдайда қайта өңделді.

Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты экспорттаушы елдерге 477 нотификация жіберілді, оның ішінде 252 – Өзбекстан Республикасына, 127 – Ресей Федерациясына, 38 – Иран Ислам Республикасына.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 77 сыртқы және ішкі фитосанитариялық бақылау бекеттері жұмыс істейді. Оның ішінде 32 бекет республиканың шекара маңындағы өңірлерінде карантиндік фитосанитариялық бақылауды күшейту үшін соңғы жылы ғана ашылған.

«Мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау елге қауіпті карантиндік объектілердің - өсімдіктерді зақымдайтын өсімдік ауруларының қоздырғыштарын, жәндіктердің, кенелердің, нематодтардың, сондай-ақ арамшөп тұқымдарының мемлекет шекарасынан өтіп кетпеуі үшін жүзеге асырылады»-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар