8 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2023 жылғы 8 ақпан күнгі күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Жас антифашист-батыр -бала лар күні

Антифашистік көтерілістерге қатысып, қаза болған балалардың, атап айтқанда, француз баласы Даниэль Фери мен ирак оқушысы Фадыл Жамалдың құрметіне осылай аталған. Бұл екі баланың өмірі араға бір жыл салып бір күнде және бір сағатта қиылған. Фери 1962 жылы, ал Жамал 1963 жылы 8 ақпанда қайтыс болған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің төртінші бетінде аптасына бір рет шығатын жастар беті ашылды. Кейіннен «Лениншіл жас» деп аталған осы беттің редакторы Е.Алдоңғаров болды. 1925 жылдан бастап «Жас қайрат» атты дербес газет болып шықты.

2005 жылы Қазақстанда бірінші Халықаралық арбитражды сот ашылды. 2004 жылы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы» заңдарының қабылдануы бұған негіз болды. Қазақстандық халықаралық арбитраж - тұрақты қызмет ететін арбитражды институт.

2006 жылы Қазақстанда «Құрметті машина жасаушы» белгісі тағайындалып, ол ҚР Индустрия және сауда министрінің атынан берілетін болды.

2007 жылы Алматыда «MG Production» продюсерлік компаниясы «Қазақстанның алтын адамдары» сериясының «Песни души» атты деректі фильмін ұсынды. Фильм аты аңызға айналған танымал әнші және әр түрлі тарихи кезеңдердің куәгері Бибігүл Төлегенова өмірінен беймәлім деректерді қамтиды. Фильм әнші шығармашылығының 55 жылдығына арналады. Режиссерлері - Ася Сүлеева және Әнуар Райбаев.

2010 жылы Берлиндегі «World Money Fair» халықаралық көрмесінде Krause Publications өткізетін конкурстың қорытындысы бойынша «Тарихи тақырып бойынша ең үздік монета» аталымында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Ұлы қолбасшылар» сериясынан шығарылған «Шыңғыс хан» ескерткіш күміс монетасы марапатталды. Конкурс шеңберінде бірнеше аталымда монета сарайларында соғылған немесе мемлекеттік органдар - эмитенттер шығарған ең үздік монеталар айқындалды. Конкурстық комиссия шара кезінде шығарылған коллекциялық және ескерткіш монеталарды дербес іріктеп алды. Монеталарды бағалау дизайнының тартымдылығын, көркемдік орындалуын және соғылу сапасын бағалауға негізделді. «Ұлы қолбасшылар» сериясынан номиналы 100 теңгелік «CHINGIZ KHAN» монетасы 2008 жылғы 31 мамырда айналысқа шығарылған.

2012 жылы Германия астанасы Берлинде Еуразиялық клубының ашылу салтанаты өтті. Аталған Клуб Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының, сондай-ақ Еуропалық Одақ арасындағы қоғамдық-саяси мәселелердің кең ауқымын талқылауға арналған диалог алаңы болып табылады. Бұл Қазақстанның Еуропадағы жаңа мүмкіндіктерді қарастыру, еуропалық және азиялық мәдениеттер арасында диалогты нығайту бағытындағы тұңғыш жобасы болып отыр.

2012 жылы Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бірінші кездесуі аяқталды. Оған 15 мемлекеттің сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің өкілдері қатысты.

2014 жылы Канада мен Ямайкада Қазақстанның елшілігін қоса атқарушы Константин Жигалов Кингстонда генерал-губернатор Патрик Алленге екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап Ямайкадағы (қоса атқарушы) алғашқы қазақстандық елші ретінде аккредиттейтін сенім грамотасын табыстады.

2015 жылы Канаданың Калгари қаласында қазақстандық ардагер конькиші Владимир Костин +35 жас дәрежесінде 3 000 метр қашықтықта жаңа әлемдік рекорд орнатты. Спортшының уақыты 3.57,49 құрады. Masters санатындағы жаңа рекорд Көпсайыстан әлем чемпионаты аясында орнатылды.

2016 жылы Тегеранда Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасының Іскерлік кеңесі өтті. 2015 жылдың қазанында Қазақстан мен Иран іскерлік кеңесінің ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды.

2017 жылы Швецияның Бурос қаласында өткен Golden Girl турнирінде Қазақстанның боксшы қыздары 3 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды. Турнирге әлемнің 22 елінен 254 спортшы қатысты.

2017 жылы Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 ойындары ресми түрде жабық деп жарияланды. Универсиаданың жабылу салтанаты жарыстардың символикалық Алауын сөндірумен аяқталды.

Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орын алды. Олардың еншісінде 11 алтын, 6 күміс және 17 қола бар.

2019 жылы Алматы қаласының орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві мегаполистің діни ғимараттарын құру тарихынан алғаш рет құжаттар жариялаған жинақты таныстырды.

2021 жылы 7 мың орынға есептелген және қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған «Түркістан-арена» стадионы UEFA халықаралық талаптарына сәйкес сертификаттаудан өтті. Спорт кешеніне футбол алаңы, жеңіл атлетикадан жарыстар өткізуге арналған жабық арена кіреді. Сонымен қатар, акробатика, бокс, ауыр атлетика, гимнастика және йогаға арналған залдар қарастырылған.

2 0 22 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери медицина орталығы білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттіктің (IQAA) аккредитациясын алды. Мекеме ұлттық, еуропалық және халықаралық білім беру стандарттарына лайық деп танылды. Бұл – мекеменің еліміздегі білім беру және әскери медицина жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.


Соңғы жаңалықтар