76 жыл өткеннен кейін табылған жауынгер сүйегі Көкшетауда жерленді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 76 жыл өткеннен кейін табылған жауынгер Әбілқасым Жаманбаевтың сүйегі Көкшетаудағы мұсылмандар зиратына жерленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен қазақстандық сарбаз Әбілқасым Жаманбаевтың сүйегі табылған болатын. Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің құрамында болған отандасымыздың сүйегін ресейлік іздестірушілер Гайтолово Ленинград облысының Киров ауданындағы іздеу жұмыстары кезінде Гайтолова деревнясының маңынан тапқан. Оның қару-жарақтары мен тұрмыстық заттары да сол жерден табылған. «Табыстыру» іздеушілер жасағының командирі Сергей Барсуковтың дерегі бойынша, жауынгердің Әбілқасым Жаманбаев екенін оның мойын тұмарында жазылған жазудан анықтаған. Онда 1914 жылы Көкшетау облысы Чистопол ауданының Гаршино ауылында туған Әбділқасым Жаманбаев деп жазылыпты.

Ардагер соғыстың алғашқы күндері 1941 жылдың 18 шілдесінде сол кездегі Көкшетау облысының Рузаев аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынып, 1942 жылдың ақпанынан бастап із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосылыпты. Әкесі, одан кейін өзінің ұрпақтары осы күнге дейін іздеумен келген.

«Атам Әбілқасым соғысқа аттанғанда менің әкем Қайдар небары 4 жаста болатын. Хабарсыз кеткен атамыздың сүйегі табылатынан әкем Қайдар үміттенген еді. Бүгін сол үміт орындалып, атамыздың сүйегін туған еліне жерлеп отырмыз»,-деп атап өтті немересі Қанат Жаманбаев.

Бүгін 9 мамыр - Жеңіс күні жерлес жауынгердің сүйегі Көкшетаудағы мұсылмандар зиратына жерленді. Марқұмның аруағына құран оқылып, дұға бағышталды.

Айта кетейік, жақында соғыста хабарсыз кеткен тағы бір ақмолалық жауынгер, Есіл ауданы Терісаққан ауылының тумасы Кенжебек Болтаевтың сүйегі Ресейдің Ленинград облысынан табылған болатын. Оны 2018 жылдың 3 мамырында Киров ауданы аумағындағы орман алқабында жүргізілген «Поречье-2018» экспедициясы барысында «Сосновый бор» іздестіру жасағының сарбаздары тауып алған еді.

Жауынгердің есімі сол жерден табылған төсбелгіден анықталды. Іздестірушілер ондағы жазудың бояуы кеткеніне қарамастан, «Болтаев Кенжебек, 1910 жылы туған» деген жазуды оқыған. Сонымен қатар, төсбелгіде: «Казахская АССР, Акмолинская область, Есильский район, Терсоканский сельский совет, село Терсокан», деп жазылған. Ал, «туыстары» деген графада әкесі «Болтаев Жантас» деп көрсетілген. Осыдан-ақ, Кенжебек Болтаевтың сол кездегі Қазақ АССР Ақмола облысының Есіл ауданы (бүгінгі таңда Жақсы ауданына қарайды) Терісаққан ауылының тумасы екенін бірден аңғаруға болады.

Қазіргі кезде ресейлік тарап жауынгердің туыстарын анықтап, сүйегін туған жеріне жөнелту жайын қарастырып жатқан көрінеді.

Соңғы жаңалықтар