70 жастағы қостанайлық зілтемірші: Жиырмаға жуық чемпион дайындадым

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жақында Талдықорған қаласында пауэрлифтингтен өткен ел чемпионатында қостанайлық Мәлік Баймағамбетов ақсақал чемпион атанды. Ардагер спортшы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен болған сұхбатта зілтемір көтерудің қыр-сыры, қазіргі ауыл спортының жай-күйімен бөлісті.

Ел ішінде Жангелдин ауданындағы Көгалат ауылын «чемпиондар мекені» деп атайды. Бұлай деуге негіз бар, себебі, шағын ғана ауылдан бірнеше ҚР чемпионы, әлем кубоктарының қатысушылары шықты. Солардың бірі - 1977 жылғы Қазақ КСР универсиадасының чемпионы Мәлік Баймағамбетов. 70 жасқа толған Мәлік ағамыз жақында Талдықорған қаласында пауэрлифтингтен өткен ел біріншілігінде алдына жан салмады. Нәтижесінде, Гонконгта өтетін әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Жалпы, ардагер спортшы мектеп жасынан-ақ талай облыстық жарыстарда озық шығып жүрді.

«Бәрі темір-терсек көтеруден басталды ғой. Бір жылдары біздің ауылға үй салуға шешен азаматтары келді. Олар трактордың темір доңғалақтарын емін-еркін көтеріп жүре беретін. Қызығасың. «Бұл менің қолымнан неге келмейді» деймін іштей. Содан әлгілердің күш-жігеріне қызыққандықтан ба, күндегі ермегім темір-терсек көтеру болды. Сөйтіп, аудандық, облыстық жарыстардан бір-ақ шықтық», - деп еске алды спортшы.

Мәлік Баймағамбетов 1958 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1968 жылы Торғайдағы қазақ орта мектебін аяқтады. 1968-1970 жылдары Украинаның Харьков қаласында әскер қатарында болды. Әскерде жүріп те өзінің шеберлігін мойындатты.
null

«Зілтемір көтеруден полк ішінде чемпионат ұйымдастырылды. Ауылдағы темір көтергенімнің пайдасы шығар, бағым жанып бас жүлдеге ие болдым. Әскерден соң әкемнің шақыруымен ауылға келіп, бір-екі жыл совхоздың малын бақтым. Сол кездегі ауыл балаларына жақсы таныс үрдіс қой. Таңдау жоқ. Әкенің айтқанын орындайсың», - деп түсіндірді Мәлік ағамыз.
null

Спортқа бейім жігіт оқу іздеп, Павлодарға жол тартты. Сондағы трактор зауытында жұмыс істеп жүргенде Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының спорт бапкерлері жас спортшының қарым-қабілетін байқайды. Бапкерлердің көзіне іліккен ол көп ұзамай институт студенті атанады. Міне, ол содан ауыр атлетикадан Павлодар облысының құрамасына алынды. Спортшының сәтті жорығы осы кезден басталады. 1977 жылы Қазақ КСР студенттерінің универсиадасына қатысып, 52 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бапкерлер Павлодарға қалуға ұсыныс жасаған. Бірақ, ол туған жеріне, Торғайға оралды.

«Қолым қалт еткен уақытта сүйікті ісім - зілтемір көтерудің әдіс-тәсілдерін қағаз бетіне түсіретінмін. 2018 жылы бұл ісім жемісін берді. Пауэрлифтинг спортының әдістемелік жинағын шығардым. Негізі, біздің Көгалат аулында заманауи спорт жабдықтары жоқ. Көбін қолдан істедім - дейді ардагер спортшы ауыл спортының жай-күйіне тоқталып, - Балалар бұдан жаман болған жоқ. Қарап отырсам, жиырмаға жуық чемпион тәрбиеледім. Ауыл спортын дамыту үшін қомақты қаржының қажеті шамалы. Спорт мекемелері мен мектептердің жанынан секциялар ашып, құрал-жабдықтар сатып алса жетеді. Әйтпесе, қолдан істеген құралдарымыз көпке шыдамай жатады. Оқушылар жарысқа шығар кезде менің үйіме келіп дайындалады. Үйдің бір бөлмесін спорт залына айналдырып алдым. Бұл дұрыс емес. Болашақта ауылда білгенімізді үйрететін ауыр атлетика орнының болғанын қалаймын».
null

Кәнігі бапкердің сөзінше, ауылдарда командалық спорт ойындарынан гөрі жеңіл және ауыр атлетиканы жақсылап жолға қоюға болады.

«Біздің жастар, қанша жыл өтсе де, Әмин, Ғұсман ағаларының жетістіктерін қайталай алмай келеді. Қазіргі мақсатымыз да осы - ауылда жеңіл және ауыр атлетиканы дамыту. Ел ішінде қаншама күш иесі жүр. Олардың бабын келістірсек, өзіміз ұтамыз. ауыл спорты дамиды», - дейді Мәлік Баймағамбетов.

«Ұстаз шәкіртімен ұтады». Мәлік ағамыз бұл тұрғыда ауыз толтырып айтатын жетістіктері бар. Айна Тоққожа, Сәкен Бекзада, Қазбек Тоққожа, Ғарыпжан Дархан, Таңат Нұрлытаң, Байғазы Жәнібек, Жақаш Нұрым сынды шәкірттері - талай додалардың чемпиондары.

«Чемпиондар мекенінің» чемпионы Мәлік Баймағамбетов зейнет жасында болса да, саламатты ұрпақ тәрбиелеу үшін әлі де іздене беретінін айтады. Қостанай облысынан елімізді әлемге паш ететін спортшылардың шығатынына сенімді.

null null

Соңғы жаңалықтар