70 мыңнан астам жамбылдық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев COVID-19 пандемиясы жағдайында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда облыста 70 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда 126 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес субъектілеріне 11 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, коронавирус пандемиясының салдарына қарамастан, шағын және орта бизнестегі өнімдер мен қызметтерінің көлемі 227 пайызға өсіп, 467,4 миллиард теңгені құрады», - деді Бердібек Сапарбаев.

Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 14 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі 2 миллиард теңге көлемінде салықтық ынталандыруларға ие болды.

740 кәсіпкерлік субъектісінің 3,9 миллиард теңге көлеміндегі несиесі кейінге шегерілді.

Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1,1 млрд. теңге бөлініп, 278 жоба қамтылды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес бастамаларды іске асыру үшін 7,8 мың адамға 4,3 миллиард теңгенің қайтарымсыз гранттары берілді.

Ал, 1,3 мың адам 5,4 млрд. теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді.

«Биыл біз алдымызға бірқатар міндеттерді қойып отырмыз. Атап айтсақ, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 21,7 пайызға жеткізу, әуе, теміржол, автожолының транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы тауар айналымын арттыру, «QAZSUGAR Co» ЖШС мен «Farm Frites Kazakhstan» ЖШС кәсіпорындарын іске қосуды көздеп отырмыз», - деді Бердібек Сапарбаев.

Есептік кездесуде өңір басшысы 70 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен, оның ішінде «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында қамту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар