7 жылдық Президент мандаты саяси бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді – Мәулен Әшімбаев

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 7 жылдық президенттік мандат сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыруға, халыққа берген уәдені орындауға жеткілікті. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевмәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық мәселені нақты айқындау үшін Мәжіліс депутаттары алдағы сайлауды жаңа норма бойынша өткізу бастамасын көтеріп отыр. Яғни Президентті жеті жылдық мерзімге сайлау ұсынылды. Осы орайда алдағы уақытта түрлі түсініктеме болмас үшін бұл сайлауды жаңа форматта өткізу бастамасы жасалды. Жеті жылдық мерзім бойынша норма не үшін ұсынылып отыр? Жалпы, әлемдік тәжірибеде сайланған Мемлекет басшысы басымдыққа ие болады. Әлемдік тәжірибе бойынша сайланған президенттер бұл орында 10 жыл қызмет етеді», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, алдағы уақытта бір адамның қолында биліктің шоғырлануын шектеу үшін Мемлекет басшысы Қзақстанда Президентті бір мерзімге сайлау бастамасын ұсынды. Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеледі.

«Осы стратегиялық нормаға дұрыс қарау керек. Бұл ретте Қазақстанда бәсекелес саяси орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалады. Яғни билікті монополизациялау қаупін азайтады. Егер әлемде бұл мерзім 10 жыл болса, бізде 7 жылмен шектеледі. Осы мерзім сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыруға, халыққа берген уәдені орындауға, ірі жобаларды іске асыруға жеткілікті деп ойлаймын. Сондықтан бұл норма Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасының бір бөлігі», - деді Сенат төрағасы.

Бұл тұрғыда М.Әшімбаев 7 жылдық президенттік мерзімді қолдайтынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы алдағы сайлауда Парламентке, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндік болатынын айтты.

Биыл қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы алдағы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды .

«Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.






Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар