7 жылда көпбалалы отбасыларға 40 мыңнан астам пәтер салу көзделуде - Жайымбетов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жеті жыл ішінде көпбалалы отбасыларға арналған 40 мыңнан астам пәтер салу көзделуде. Бұл туралы БҚО-ға Үкіметтік жұмыс тобы құрамында келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасымыздың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде аталмыш министрлікке берген маңызды тапсырмасының бірі - осы баспанамен қамту мәселесі.

Қазіргі кезде елімізде 340 мың көпбалалы отбасы болса, соның 28,1 мыңы тұрғын үй кезегінде тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын тұрғын үй құрылысына 50 млрд теңге бөлініп, 6 мың пәтер іске қосылады. Сонда 2025 жылды қоса есептегенде, 350 млрд теңгеге 42 мың жалдамалы пәтер іске қосылмақшы. Сонымен қатар займға берілетін баспананы қосқанда, 100 мыңдай пәтер бой көтермекші.

Комитет төрағасының сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстан облысында жыл сайын бұл мақсатқа (242 пәтерге) 2,1 млрд теңге жұмсалмақшы. Өңірде күні бүгін 1134 көпбалалы отбасы кезекте тұрса, 2019-2025 жылдары 1613 пәтер пайдалануға берілмекші.

«Елімізде бұл жөнінен Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 4832 көпбалалы кезекте тұрса, жыл сайын 1031 пәтер салуға 8,6 млрд теңге қаралады. Сол секілді Алматы облысында 3149 отбасыны баспанамен қамту үшін жыл сайын 672 пәтер тұрғызу үшін 5,6 млрд теңге бөлінеді. Осылайша жалғаса береді. Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдіктер де қарастырылған», деді комитет төрағасы.

Соңғы жаңалықтар