7 жыл – президенттің сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауына жеткілікті уақыт

None
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Түрлі пікірлер туындады. «Президент бес жылға бір, сосын жеті жылға бір рет қайта сайлана ма?» деген сұрақтар да болмай қалған жоқ.

Жалпы республика жұртшылығы бұл ұсынысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалап, қолдады. Алайда, жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды.

Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжілісінің депутаттары Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді, ол жаңа үлгі бойынша Президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді.

Сол себепті Конституцияға президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәселені құқықтық жолмен реттейді. Осылайша, президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады.

Президенттік мерзімнің бір рет қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясы 91-бабының 2-тармағында белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігінен, республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін принциптері болып қалады.

Президенттік лауазым – ең алдымен ұлы жауапкершілік. Бүкіл халықтың, тұтас мемлекеттің тізгінін ұстайтын тұлға білімді, білікті болуымен қатар аса үлкен жауапкершілікті сезінуі шарт. Сөз бен іс үйлесуі керек. 7 жыл - кез келген мемлекет басшысы үшін сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауға жеткілікті мерзім.

Жұрт назарында тұрған тағы бір мәселе – елорданың бұрынғы атауын қайтару. Қазақстан халқы Тұңғыш Президенттің мемлекет іргесін бекітудегі тарихи еңбегін жоққа шығармайды. Бір елорданың өзінде халықаралық әуежайдың, бірнеше ескерткіштерінің, саябақтың, оқу орнының ол кісінің есімімен аталуының өзі құрметтің белгісі.

Ал халықтың негізгі талабы – кезінде өзінің пәрменімен елордаға берілген Астана атауын қайтару. Депутаттар сол себепті сайлаушылардың өтініштерінің негізінде арнай бастама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Пікір сан алуан, бірақ мемлекет жалғыз» деген ойды айтқан еді. Сондықтан ел – ортақ, жер – ортақ, Елорда – ортақ. «Бүгін – ерте болса, ертең – кеш. Асығу зиян болса, кешігу – қауіпті».

Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік, турбулентті құбылыстарды бастан кешіп отыр. Қазақ қоғамының да басынан алағай да бұлағай кезеңдер көшіп жатыр. Сондай кезеңдерде елдің көшін – Ер түзесе, әділетті Ердің ісін – ел жақтаса керек.



Фото: amanatpartiasy.kz





Соңғы жаңалықтар