USD 434.84 EUR 498.2
RUB 5.72 CNY 68.47
Jańalyqtar

7 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 7 желтоқсан 07:00
Бөлісіңіз:
7 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 7 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық азаматтық авиация күні

БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен. Чикаго қаласында өткен (АҚШ) конференцияға мүше - 52 мемлекет өкілдерінің Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қол қойған күнінен бастап атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Ташкентте қазақ тілінде «Ақ жол» газеті шыға бастады. Басылым 1920-25 жылдары Ташкентте Түркістан Компартиясы Орталық комитеті мен ТүркАКСР-ы ОАК-нің органы, 1925- 26 жылдары Шымкентте БКП Сырдария губкомының органы ретінде шығарылды. Алғашқы редакторы — Сұлтанбек Қожанов. Кейін газетті шығарушы, редакторлардың ішінде Н.Төреқұлов, С.Оспанов, И.Тоқтыбаев т.б. болды. Оның жұмысына қазақ зиялыларының үлкен шоғыры араласқан.

1963 жылы Жамбыл қаласында халық ақыны Жамбыл Жабаевқа қола ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы - Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Х.Наурызбаев.

1990 жылы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры ҚР еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреатры Е.Тапеновтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясы қойылымымен ашылды.

2011 жылы Әбілқайыр ханның жерленген орны табылды. «Хан моласы» қорымы көптеген жылдан бері зерттеліп келеді. Көптеген қорымдардың ішінде №178 және №92 нысандары таңдап алынды. ҚР БҒМ Жалпы генетика және цитология институты жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша, ДНК сарап­тамасы 99,355% көрсеткен.

2011 жылы Ресей Федерациясының қорғаныс ведомствосы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалған әскери қызметшілер туралы электрондық деректер банкін берді.

2012 жылы Алматы қаласында батыр, қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат еткен Райымбек батырға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Ескерткіш А.С.Пушкин көшесімен қиылысатын Райымбек даңғылының бойына орнатылған. Ескерткіш авторы – Едіге Рахмадиев, дизайнын жасаған – Игорь Поляков, архитекторы – Владимир Немчиков.

2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесі мен жұмыс істеу параметрін анықтайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық Заңына қол қойды.

2016 жылы Атырау қаласында Қашаған жобасының ресми ашылуы болды. Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі бірінші теңіз мұнай-газ кен орны, сондай-ақ еліміздегі ең ірі халықаралық инвестициялық жоба.

2017 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мұраны қорғау Үкіметаралық комитетінің 12-сессиясында Қазақстанның «Қазақ дәстүрлі асық ойыны» өтінімі адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.

Асық ойыны адамның ой өрісінің және дене бітімінің дамуына ықпал етеді, әрі ұлтына қарамастан өскелең ұрпақ өзара арасында жақындасуға жол ашады.

Балалық шақ символы ретінде асық ойыны Қазақстан халқының бірлігін нығайтуда, сондай-ақ бірлік пен ұлттық сана сезімін дамытуда маңызды рөл атқарады.

2017 жылы түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан қаласында «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылуы өтті. Жабылу салтанаты барысында Тұрақты Кеңестің 35-ші отырысының шешіміне сәйкес 2018 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасының туы мен рәмізі Түркияның Кастамон қаласына берілді.

2018 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих институты Қазақстан тарихымен байланысты архив құжаттарына қол жеткізу үшін Түркия және Тәжікстанмен меморандумға қол қойды.

Қазақстан тарихына қатысты көптеген мұрағат құжаттары Ресейде, Иранда, Өзбекстанда, Қытайда және басқа елдерде бар.

2019 жылы Алматыда Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімде аты аңызға айналған «Қара майор», полковник Борис Керімбаевқа арналған ескерткіш тақтасының салтанатты ашылуы өтті.

Салтанатты шарада әскери бөлімге Борис Керімбаевтің есімінің берілуі әскери қызметшілерге жүктелген жауапкершілікті сезінуге ынталандырады және ол халыққа қызмет етудің үлгісі болмақ.

2020 жылы Шымкентте Қазақстанда алғашқы ерікті дәрігерлер даярлайтын мектеп ашылды. Мектепте оқыған медициналық еріктілер халықаралық медициналық еріктілер тәжірибесіне негізделген ең жақсы білім алады, медицина саласындағы мамандардың тренингтері мен шеберлік сабақтарына қатыса алады.

Жоба аясында Шымкент қаласының және Қазақстанның 15 өңірінің медициналық университет және колледж студенттерін біріктіру жоспарлануда.

Бұл - Қазақстанда әзірге теңдесі жоқ бірегей жоба.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT