7 жастағы баланың зорланғаны расталса қызметімнен кетемін - Білім бөлімінің басшысы

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы 7 жасар баланы зорлау дерегіне қатысты облыстық білім басқармасы мен Сарыағаш аудандық білім бөлімі, Сарыағаш ауданы әкімдігінің басшылығы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов аталған мектепте зорлау оқиғасының болмағанын айтып, ол тиісті сараптама қортындысымен дәлелденгенін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бауыржан Қуанышұлының сөзінше, зорланған және күдікке ілінген оқушылар өткен жылдың тамыз айында суда шомылып жүріп, төбелесіп қалған. Болған оқиға бойынша 7 жасар баланың әжесі жергілікті ішкі істер органдарына ауызша арызданған. Кейін бұл іс қысқарып кетіпті. Араға бірнеше ай салып барып, 12 қаңтар күні жәбірленуші баланың әжесі полицияға тағы арызданған.

«Біз бұл оқиға жөнінде 12 қаңтарда білдік. Мектепте комиссия құрып, ішкі тексеру шараларын жүргіздік. Баланы зорлау дерегі расталған жоқ. Оны тиісті сараптама қорытындысы да көрсетті. Яғни, алғашқы сараптама Сарыағаш ауданында 19-29 қаңтар аралығында жүргізілген. Енді екінші сараптама тағайындалып отыр. Ол облыс орталығында жүргізілмекші. Нақты қай күні тағайындалып, қай күні қорытындысы шығатыны жөнінде хабарымыз жоқ», -деді Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы.

Білім қызметкерлерінің айтуынша күдікке ілінген оқушылар бұған дейін жаман қылық көрсетіп, ішкі істер органдарына есепке алынбаған.

«Күдікке ілінген оқушылардың бірі 7-ш сыныпта, екеуі 8-ші сыныпта оқиды. Екі бала волейбол, бір бала футбол үйірмесіне қатысады. Сабақтары орташа, бұрын бұзықтық жасап есепке де тіркелмеген. Үшеуі де жуас балалар. Егер тиісті сараптама қортындысы баланың зорланғанын дәлелдесе онда мен өз қызметімнен кетуге дайынмын»,-деді Бауыржан Майрихов.

Оның сөзінше, 7 жасар бала 12 ақпаннан бастап мектепке барудан қалыпты. Ұстаздар оның әжесіне бірнеше рет ескерту жасағанымен, нәтиже шықпаған. Қазір, жәбірленуші баламен де, күдікке ілінген оқушылармен де мектеп психологтары жұмыс істеп жатыр. Тәртіп сақшылары Қылмыстық Кодекстің 121 бабы 4 бөлігімен қылмыстық іс қозғаған. Әзірге күдікті ретінде 7-8 сыныптың үш баласы жауап беріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Сарыағаш ауданының тұрғыны Шарипа Батырбекова немересін жоғары сыныптың оқушылары бірнеше мәрте зорлап келгенін айтқан еді.

Кейуананың сөзінше, 7 жастағы баланы 7-8-ші сыныптың оқушылары жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Бұл туралы мектеп әкімшілігі мен полицияға шағымданғанымен, еш нәтиже шығара алмағанын айтқан болатын. Кейін бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодексінің 121 бабының 4 бөлігімен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар