7 облыста мектеп бітіруші қыздар арасында «Ы.Алтынсарин -2016» республикалық олимпиадасы өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен еліміздің 7 облысында мектеп бітіруші түлектер арасында республикалық «Ы.Алтынсарин - 2016» пәндік олимпиадасы өтеді.

 Білім додасы 26 ақпанда басталады.

Бағын сынап көремін деуші 11-сынып түлектеріне жақсы мүмкіндік беретін білім сайысы оқу орнының басшысы Динар Нөкетаеваның бастамасымен осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

Олимпиаданың бірегей ерекшелігі  оған тек қана қыз балалар қатысады.

«Олимпиаданың басты мақсаты  мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды оқушыларды айқындау, жастар арасында іргелі ғылыми білімді дамыту, білімді жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу, дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне шақыру болып табылады», - делінген хабарламада.

Биыл да олимпиада сегіз пән бойынша: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы, химия пәндері бойынша өткізіледі.

Олимпиада облыстық білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен белгіленген аймақтарға бірлесе отырып өткізілмек. Олимпиада атап айтқанда, Алматы облысы бойынша Алматыда, Талдықорғанда, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қалаларында; Қызылорда облысы бойынша Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Қызылорда қаласында; Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей және Өскемен қалаларында; Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында; Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал мен Атырау қалаларында өтеді. Қазіргі уақытта олимпиадаға қатысуға тілік білдіруші оқушыларды тіркеу жалғасуда.

Айта кетейік, ниет білдірушілер ҚазМемҚызПУ сайтында тіркеле алады және олимпиада туралы толық мағлұматпен Қыздар университетінің сайтынан таныса алады (www.kazmkpu.kz).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер наурыз айында анықталып, марапатталады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы таңдаған пәні мамандығына сай келген және ҰБТ-ға қажетті өту балын алған жағдайда шәкіртақысыз университет Ректорының грантына ие болады. Ал, жүлделі орын алмағандарға, бірақ Олимпиаданың деңгейінен өткендерге ҚазМемҚызПУ-ға бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіліп, оқуға түсуге 10% жеңілдік жасалады. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші  100 балл. Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде, жеңімпаз атанған 11 сынып оқушыларымен қатар, сапалы білім берген пән мұғалімдері, сондай-ақ, аймақтарда олимпиаданың өтуіне жағдай жасаған аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары қызметкерлері Ректордың алғыс хатымен марапатталатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы өткен «Ы.Алтынсарин-2015» олимпиадасына 3 956 мектеп бітіруші оқушы қатысты. Оның 24-і Ректор грантына ие болса, 10 пайыздық жеңілдікке 700-ге жуық оқушы ілікті.

Соңғы жаңалықтар