7 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі сайлау процесін бақылайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 10 қаңтар күні өтетін еліміздегі Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауда 7 мыңнан астам Кәсіодақтар федерациясының мүшесі байқаушы ретінде қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 6 қараша күні біздің федерация алдағы сайлауға бақылаушы ретінде қатысу туралы шешім қабылдап, 8 қараша күні ашық түрде жария еттік. Кәсіподақтар федерациясы сайлаудың әділ әрі адал түрде өтуін қадағалауда 2 миссия ұстанады. Алдымен қысқа мерзімді миссия ол сайлау күні оның заң аясында өтуін қадағалау. Ал ұзақ мерзімді миссиямызға сайлауға қатысушылармен, дауыс берушілермен және партия өкілдерімен бірлескен жұмыстар жатады», - деді Қазақстан кәсіподақтар федерациясының өкілі Төлеген Күнәділов тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Федерация өкілінің пікірінше, сайлау кезінде жұмыс берушілердің өз қызметкерлерін сайлауға мәжбүрлі түрде қатыстыру немесе дауыс бергізудің орын алмауы маңызды.

«Кәсіподақтар федерациясы бүгін қабылданып отырған сайлауды бақылауға арналған хартияны қолдайды. Әсіресе хартияда көрсетілген кандидаттардың сайлау кезінде лауазымын артығымен пайдалануға құқығы жоқ екенін ескере отырып, сайлау процесіне қатысушылардың тең мүмкіндігі мен құқығының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу. Осы мақсатта федерация жанынан еліміздің барлық өңірінде штабтар құрылып, жедел желі ашылды. Яғни кез келген азамат біздің штаб немесе жедел желі арқылы сайлау кезінде заңбұзушылықтың орын алғаны туралы хабарлай алады. Одан әрі аталған мәселе заң аясында қарастырылатын болады. Алдағы сайлауда еліміз бойынша 7 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі атсалысып, бақылаушы ретінде қатысады», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін елімізде сайлау процесін бақылау туралы хартия қабылданды. Аталған құжат сайлаудың әділ және адал түрде өтуін қамтамасыз ету мақсатын көздейді.


Соңғы жаңалықтар