7 мамыр. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

None
None
АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 7 мамырға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 мамыр, ДҮЙСЕНБІ

Отан қорғаушы күні. 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. 7-ші мамыр - Отан қорғаушы күні болып жарияланды.

Радио күні. 117 жыл бұрын (1895) орыс ғалымы Александр Степанович Попов Орыс физика-химия қоғамының мәжілісінде әлемдегі алғашқы радиоқабылдағышты жұртшылыққа көрсетті.

Көктем күні (Шотландия).

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

37 жыл бұрын (1975) Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің  жағасында Ұлы Отан соғысы жылдарында мерт болған шығысқазақстандық азаматтарға ескерткіш орнатылды.

20 жыл бұрын (1992) Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағамбетов тағайындалды.

15 жыл бұрын (1997) Алматыдағы Мечников көшесіне жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Әди Шәріповтің есімі берілді.

13 жыл бұрын (1999) Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаевқа (марқұм) - «Халық қаһарманы» атағы берілді.

27 жыл бұрын (1985) Петропавлдағы Жеңiстiң жаңа саябағында 1941-1945 жж. соғыстағы Ұлы Жеңiстiң 40-жылдығына арналған обелиск ашылды.

Биiктiгi 14 метр, темiр-бетоннан жасалған, мәрмәр тақтайшамен қапталған, Жеңiстiң бiр метрлiк орденiмен аяқталған. Обелискiнiң төменгi бөлiгiнiң екi жағында жауынгерлердiң стильденген мүсiндерiнiң рельефтiк суретi бар. Басқа екi жақта ту және Қызыл ту орденiнiң суретi орын алған.

Ұлы Отан соғысы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 314-ші атқыштар дивизиясы және тағы басқа да әскери бөлімшелер ұйымдастырылған.

3 жыл бұрын (2009) Павлодар облысынның Ақсу қаласында жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткiш орнатылды.

Жаяу әскердiң жауынгерлiк машинасы баянауыл тастарынан қаланған биiк тұғырда орнатылған. Мемориал тақтада Ауғанстан соғысында апатқа ұшыраған жерлестердiң есімдері жазылған.

ЕСІМДЕР

59 жыл бұрын (1953) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ШОЙБЕК Орынбай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеттерінде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарған. Біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, тәуелсіз «Ар» газетінің бас редакторы болған. Қазір «Ғасыр Ш» баспасының директоры. 1986 жылы «Жалын» журналы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген шытырман хикаяты үшінші орынды, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған дәстүрлі бәйгеде «Әміршінің әлегі» атты повесі бас жүлдені иеленген. Алғашқы туындылары «Арман қанатында», «Сарыағаш саздары» ұжымдық жинақтарына енген. Содан бергі уақытта «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі» повестері мен әңгімелері, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы, т.б. жеке кітап болып шыққан. 2003 жылы шындық деректерге негізделген «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романы жарық көрген. 1999 жылы облыс әкімінің «Алтын қауырсын» жүлдесін, 2001 жылы «Жылдың үздік жазушысы» атағын иеленген.

49 жыл бұрын (1963) тарих ғылымының кандидаты, саясаттану ғылымының докторы, Халықаралық телеарна және радио академиясының, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы НАЗАРБАЕВА Дариға Нұрсұлтанқызы дүниеге келді.

1963 жылы 7 мамырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында туған. 1980-1983 жж. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыған. 1983-1985 жж. - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінің студенті. 1985-1987 жж. - М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті тарих факультетінің тағылымдамадан өтуші-зерттеушісі. 1987-1990 жж. - М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспиранты. Саяси ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты. 1992-1994 жж. - «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице- президенті. 1994-1995 жж. - «Қазақстанның телевидение және радио» республикалық корпорациясының вице-президенті, «Хабар» Ұлттық телевизия ақпараттық агенттігінің директоры. 1995-1998 жж. - Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Хабар» Агенттігі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры. 1998-2001 жж. - «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның президенті. 2001-2004 жж. - «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ның директорлар кеңесінің төрайымы. 2004-2007 жж. - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Республикалық «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланған депутаты, «Аймақ» депутаттық тобының жетекшісі. 2007-2012 жж. - «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры» Қоғамдық қорының директоры. 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі. 2001 жылдан бастап Еуразиялық Медиафорумының ұйымдастырушысы және ұйымдастыру комитетінің төрайымы. «Парасат» орденімен және Француз Республикасының Әдебиет және өнер орденімен марапатталған. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген.

82 жыл бұрын (1930-1982) график-суретші, Қазақ КСР-нің халық суретшісі СИДОРКИН Евгений Матвеевич дүниеге келді.

Ресейдің Киров облысында туған. Қазандағы көркемсурет училищесін, Ригадағы көркемсурет академиясын, Санкт-Петербор қаласындағы Кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген.

1957 жылдан Алматыда қызмет еткен.

Қазақ халық ертегілеріне арналған «Көңілді алдампаздар», «Қазақ эпосы» иллюстрациялардың, «Қазақтың ұлттық ойындары», «Ғасырлар түнегінен» атты автолитографиялардың, «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» атты топтаманың, М.Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» романына салған иллюстрацияның авторы. Қазақ халқының тіршілік-болмысына, оның ішкі сыр-сипатына терең бойлаған бұл топтама суреттері 1965 жылы Лейпцигтегі көрмеде алтын медаль алды. «Ақсақалдар» атты автолитографиялар топтамасы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» романына жасаған иллюстрациялары үшін Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Суретші монументті-сәндік өнері саласында да еңбек етті, әсіресе монументті формаға бейімділік көрсетті. Алматыдағы бұрынғы «Целинный» кинотеатрының фойесіне арнап көп қабатты түрлі-түсті графитто композициясын және суретші О.Богомоловпен бірге балалар театры фронтонының мозаикалық үлкен панносын жасады.

52 жыл бұрын (1960) Ақмола облысы Атбасар ауданының әкімі ӘУБӘКІРОВ Руслан Шохметұлы дүниеге келді.

Ақмола облысы Ақкөл қаласында туған. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

Целиноград ауданы (Ақмола) Қосшы ауылындағы кеңшар-техникумының оқытушысы, Жақсы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Целиноград облыстық комсомол комитетінің сектор, бөлім меңгерушісі, хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан Жастар Одағының Целиноград облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қаласындағы «Политек» жабық түрдегі акционерлік қоғамының басшысы, «Агрофирма TNK» ЖШС басшысы, Ақмола облысы Жақсы, Щучье аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2006 жылдың 6 қарашасынан.

37 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы ҚАСЫМБЕК Жеңіс Махмұдұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Шу қаласында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын «Темірбанк» ААҚ бас банкирі болып бастады. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі темір жол көлігі мен порттар бөлімінің бастығы, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі үйлестіру және тарифтік саясат департаменті тарифтік саясат бөлімінің бастығы, Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз порты» РМК директоры, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың 12 наурызынан.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10-жыл», «Астананың 10-жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

81 жыл бұрын (1931-1978) конькиші, Қазақстан конькишілері арасынан шыққан тұғыш спорт шебері, конькиден алыс қашықтықтарға жүгіруден және көпсайыстан Қазақстанның 12 дүркін чемпионы, 7 мәрте республика рекордын жаңартушы ҚАҢЛЫБАЕВ Ораз Мұсағалиұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік орталық дене тәрбиесі институтын бітірген. Ол коньки спортымен қатар бокс, жеңіл атлетика, велосипед, волейбол, допты хоккеймен де айналысқан. Велосипед пен допты хоккейден Қазақстан чемпионы, басқа түрлерінен жүлдегер  атанған. 1953 жылы КСРО құрамасы сапында Харбин қаласында өткен Қытайдың ашық біріншілігіне қатысып, екі қашықтықта рекорд жаңартқан. Мұнан кейін Бейжің қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орын иеленген. 1965-1968 жылдары Моңғолия құрамасын жаттықтырды. Сол жылдары шәкірттері Моңғолияның 13 рекордын жаңартқан. Қазақстанға оралғаннан кейін «Динамо» спорт қоғамында жаттықтырушы болып, Қазақстан құрамасына жетекшілік жасады. Кейіннен республикалық жоғары спорттық шеберлік мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, директоры болған.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.   

71 жыл бұрын (1941) Қазақ ұлттық аграрлық университеті мал тұқымын асылдандыру және мал шаруашылығы кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ЕГЕУБАЕВ Арғынғазы Әбутәліпұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қостанай ауданында туған. Қостанай ауыл шаруашылығы техникумын, Алматы зооветеринарлық институтын бітірген. 106 ғылыми жарияланымның, оның ішінде 2 монографияның, 2 оқулықтың, 3 оқу құралының, 8 ұсыныстың, 14 оқу-әдістемелік нұсқаулықтың және 1 өнертабыстың авторы. Сонымен қатар 3 ауыл шаруашылығы ғылымы кандидатын және 1 докторын дариярлаған. 1968-1996 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының аспиранты, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры. 1996-2003 жылдары - Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын азықтандыру және азық өндірісі кафедрасының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде 2003 жылдан бастап істейді.

Медальдармен, КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор ЫСҚАҚБАЕВ Әлібай дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. ҚР ҒА Физика-математика институтының ғылыми қызметкері, Қазақ политехникалық институтының, Алматы сәулет-құрылыс институтының кафедра меңгерушісі болған. 1985 жылдан бастап қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика кафедрасының доценті, профессоры. Ол механиканың жаңа қалыптасып келе жатқан салаларының бірі - зақымдану механикасын зерттеуші маман. Оның 60-тан астам ғылыми жарияланымы, оның ішінде 2 монографиясы жарық көрген.   

56 жыл бұрын (1956) педагогика ғылымының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР полиграфия және баспа ісінің еңбек сіңірген қайраткері МӘЖЕНҚЫЗЫ Райхан дүниеге келді.

Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Қазақ педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. 1979-1994 жылдары - «Мектеп» баспасының редакторы. 1994 жылдан бастап ҚР Ақпарат министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі департаменті баспа бөлімінің бастығы болған. Ол балаларға арналған бірнеше кітаптың, орта мектеп оқушыларына, мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілеріне арналған оқу құралдарының авторы.

Халықаралық кітап көрмесінің қола медалімен, ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1956) Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы, техника ғылымының кандидаты, «Экология» халық академиясының академигі ҚОНАЕВ Эльдар Асқарұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1978-1979 жылдары - Қазақстан ҒА Ядролық физика институтының инженері. 1979-1983 жылдары - Қазақстан ҒА Металлургия және байыту институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері. 1983-1987 жылдары - Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1987-1988 жылдары - Қазақстан кәсіподақтары республикалық кеңесінің нұсқаушысы. 1988-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері. 1989-1992 жылдары - Қазақстан ҒА Металлургия және байыту институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, «Заман» шағын өндірісінің директоры. 1992 жылдан Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, президенті. 1998-2001 жылдары - Алматы облыстық Жоғары экономикалық кеңесінің бөлім бастығы. 2001-2004 жылдары - ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының орынбасары. 2004 жылдан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар аймағын мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болған.     

43 жыл бұрын (1969) - Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы ЕРМЕГИЯЕВ Талғат Амангелдіұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1993 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын темір жол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару мамандығы бойынша аяқтаған. 2009 жылы П.Ф.Лесгафт атындағы Мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетін (Санкт-Петербург қаласы) дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. 1993-1998 жылдар аралығында Халықаралық экономикалық және әлеуметтік реформалар қорының Алматы бөлімшесінде («Реформа» қоры) директордың орынбасары, атқарушы директор болып жұмыс істеді. 1998-2002 жылдары «Рахат» Қазақстан-Австрия бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметін атқарған. 2002-2005 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының кеңесшісі, атқарушы директор, құрылыс жөніндегі басқарушы директор.2005-2006 жылдар аралығында - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті. 2006-2008 жылдары - «АлматыҚұрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы»  акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті лауазымын атқарды. 2008-2011 жылдары -  туризм және спорт вице-министрі. 2011 жылда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі қызметін атқарды. 2012 жылғы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар