7 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 7 қаңтар 06:50

7 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 7 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 7 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

7 қаңтар СЕНБІ

Христостың туған күні - Рождество мерекесі.

Либерияда пионерлер күні

Пионерлер деп 1820 жылдары Африкаға алғаш келген қара американдық қоныстанушыларды (америка-либериялық) және «еркін түсті адамдар» колониясын құрушыларды атайды. 1824 жылы колония Либерия деп аталып, оның конституциясы қабылданды. 1847 жылдың шілде айында олар Либерия Республикасының тәуелсіздігін жариялады.

Камбоджада геноцидті жойған күн

1979 жылғы тарихи оқиғамен - Камбоджаның астанасы Пномпеняны вьетнамдық әскерлердің алуы

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

25 жыл бұрын (1992) «Қазақстан Республикасындағы ғылым және мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат туралы» Заң жарық көрді.

25 жыл бұрын (1992) Француз Республикасы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойындады.

25 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қоймасына асыл металлдардың бiрiншi партиясы - «төрт тоғыздық» және 2 күмiстік сапасымен 5 алтын кесек қабылданды. Мемлекеттік құндылықтар қоймасының тарихы 1991 жылғы тамыздың 31-інде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ ССР алтын валюталы және алмас қорын жасау туралы» Жарлығынан бастау алады.

18 жыл бұрын (1999) Астанада «Елорда» баспасы ашылды.

14 жыл бұрын (2003) Қазақстан Республикасының «Электрондық құжат және электрондық сандық қол қою туралы» Заңы жарық көрді.

11 жыл бұрын (2006) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының жобасын мақұлдады. Ол бойынша Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні әнұран болып бекітілді.

7 жыл бұрын (2010) Қызылордада «Қазақтелеком» АҚ интеренет дата-орталығы ашылды.

7 жыл бұрын (2010) Францияның алдыңғы қатарлы «L'Essentiel des relations internationales» («Халықаралық қатынастардағы ең басты») сыртқы саяси және сараптамалық журналы «Қазақстан - Еуропаның болашағы ма?» деген шытырман атаумен Қазақстан туралы 100-беттік қызықты репортаж жариялады.

5 жыл бұрын (2012) ҚХР СУАР Іле-Қазақ автономиялық республикасының Куйтун қаласында қазақ мәдениеті мен «Айтыс» өнерінінің ІІІ студенттер фестивалі ашылды.

113 жыл бұрын (1904) Маркони компаниясы «SQD» көмекке шақыру радио дабылын орнатты. Екі жылдан кейін мағынасы белгісіз сөзді SOS-қа алмастырды.

103 жыл бұрын (1914) Панама арнасы арқылы алғашқы кеме жүзіп өтті. Тынық мұхит пен Атлант мұхитын жалғап тұрған ұзындығы 81 шақырымдық бұл арна әлемдік транзитте ерекше орын алады.

90 жыл бұрын (1927) әлемде алғаш рет трансатланттық телефон байланысының желісі құрылды. Ол Нью-Йорк, АҚШ пен Лондон (Ұлыбритания) арасында байланыс орнатты.

37 жыл бұрын (1980) Үндістан премьер-министрі лауазымына Индира Ганди қайта тағайындалды. Ганди премьерлігі 1984 жылға дейін жалғасты.

ЕСІМДЕР

114 жыл бұрын (1903-1971) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі ГРУЗИНОВ Владимир Константинович дүниеге келді.

Ресейде туған. Сібір технология институтын бітірген. 1946-1962 жылдары - Орал политехникалық институтының доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі. 1963-1965 жылдары - Орталық қара металлургия ғылыми-зерттеу институтының Қазақ филиалы директорының орынбасары. 1965-1966 жылдары - Қарағанды политехникалық институтының кафедра меңгерушісі. 1966-1971 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургия институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері металлургияда өндіріс үдерістерін механикаландыру және автоматтандыру мәселелеріне арналған. Ол домна цехтарын механикалық жабдықтау жөніндегі конструкциялық зерттеулерін тұжырымдаған. Шихтаны домна пешіне арнаулы бағдарлама бойынша тиеу арқылы шойын балқыту үдерісін автоматты түрде басқару теориясын ұсынған. Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібінің шикізат қорын ұлғайту жөнінде зерттеулер жүргізген. 10 авторлық куәлігі бар.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

112 жыл бұрын (1905-1973) қазақтың атақты әншісі, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері ЖАНДАРБЕКОВ Құрманбек дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған.

Ташкент педагогикалық училищесін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының актерлік бөлімін және Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы қызметтерін атқарған.

Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Тарғын («Ер Тарғын»), Жалбыр («Жалбыр») партияларын орындап, әншілік шеберлігін танытты. Режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Жалбыр», «Гвардия, алға», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын қойды. Киноға түсіп, Жақас («Амангелдіде»), Қадырбай («Жамбылда»), Садық («Біз Жетісуданбызда») бейнелерін сомдады.

Жиырмасыншы жылдарда Ташкент қаласында өткен бір концертте қазақтың жетпістен астам әнін шырқаған.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Алматы қаласында бір көшеге аты беріліп, өмірінің соңғы жылдарында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған.

111 жыл бұрын (1906-1989) қоғам және саяси қайраткер ШАХШИН Мұсатай дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Алматы малдәрігерлік институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) бітірген. 1928-1929 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болған. 1929-1937 жылдары - Қарқаралы аймақтық қаржы бөлімінің салық инспекторы, Абыралы, Зайсан, Бесқарағай аудандық қаржы бөлімдерінің меңгерушісі. 1937-1938 жылдары - Павлодар облыстық қаржы бөлімінің меңгерушісі. 1938-1939 жылдары - КСРО Мемлекеттік банкі Қазақ республикалық конторы басқарушысының орынбасары. 1938-1942 жылдары - Қазақ КСР Халық Коммисарлар Кеңесі жанындағы Өнеркәсіптік құрылыс материалдары бас басқармасының бастығы. 1942-1943 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Мал шаруашылығы жөніндегі хатшысы. 1943-1944 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үшінші хатшысы. 1945-1948 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Мал шаруашылығы жөніндегі хатшысының орынбасары. 1948-1951 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі. 1952-1954 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1954-1961 жылдары - Көкшетау облыстық Кәсіподақтары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 1961 жылдан зейнеткерлікке шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-3 шақырылымының депутаты. «Еңбек Қызыл Ту» , «1-дәрежелі Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен мараптталған.

106 жыл бұрын (1911-2000) қоғам қайраткері ВОРОНЕНКОВ Юрий Петрович дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Санкт-Петербор қаласында туған. Мәскеу түсті металдар және алтын институтын бітірген.

1937-1941 жылдары - «Гипроцветмет» мекемесінің инженері, аға инженері, жобаның бас инженері сектор бастығының орынбасары. 1941-1946 жылдары - Кеңес Армиясының қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946-1947 жылдары - главный инженер «Гипроцветмет», «Гипроредмет» мекемелерінің бас инженері. 1947-1951 жылдары - Қырғыз кен байыту комбинатының инженері. 1951-1952 жылдары - Зырян кен басқармасының директоры. 1952-1959 жылдары - Зырян қорғасын комбинатының директоры. 1959-1963 жылдары - Шығыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы. 1963-1965 жылдары - Қазақ Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы. 1965-1980 жылдары - КСРО Түсті металлургия министрінің орынбасары. 1980 жылдан зейнет демалысына шыққан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 6 шақырылымының депутаты.

Ленин, Қазан революциясы, Қызыл Жұлдыз, 1-2-ші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

98 жыл бұрын (1919-1945) Кеңес Одағының Батыры МИХЕЕВ Григорий Яковлевич дүниеге келді.

Петропавл қаласында туған. Краснодар қаласындағы (Ресей) әскери авиациялық училищені бітірген. 1941 жылы ұшқыш-штурман Михеев Мәскеу маңының аспанын қорғаған. 1942 жылдан 1-ші Әуе армиясының құрамында болып, 114 әуе сапарын орындаған. Петропавл қаласындағы бір көше Михеев есімімен аталады.

«Ленин», «Қызыл Жұлдыз», 1-2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерімен және медальдармен марапатталған.







7
8 жыл бұрын (1939-2000) химия ғылымының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі ШАЯХМЕТОВ Шайсұлтан дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы элементтік-органикалық қосылыстар институтының аспирантурасын бітірген. 1987-1993 жылдары - Қазақ КСР Жоғары және орта арнайы білім министрі, Қазақстан Республикасы Халыққа білім беру министрі. 1997-1998 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, мемлекеттік және басқа да тілдерді оқыту орталығының директоры. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі жанындағы республикалық орталықтың директоры, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қорының президенті қызметтерін атқарған. Республикалық самбо және қазақша күрес бойынша федерациясының президенті болып сайланған.

73 жыл бұрын (1944) физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Іргелі зерттеулер институтының құрметті докторы (АҚШ, Флорида штаты, Майами қ.) ТӘКІБАЕВ Нұрғали Жабағыұлы дүниеге келді.

Өзбекстан Республикасында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1970-1988 жылдары - Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Жоғары энергия физикасы институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері. 1988-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ядролық физика институтының зертхана меңгерушісі, Ұлттық ғылым академияның бас ғылыми хатшысы, Азия елдері Ғылым академиялары қауымдастығының бас хатшысы. 2004 жылдан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының профессоры қызметін атқарады. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері теориялық физика мен астрофизика мәселелеріне арналған. 140-тан астам ғылыми еңбектің авторы.

68 жыл бұрын (1949) Қазақстан ұлттық академиясының бірінші вице-президенті БЕКТҰРҒАНОВ Нұралы Сұлтанұлы дүниеге келді.

Астана қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1971-1992 жылдары Химия-металлургия институтында инженер, кіші және аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, зертхана меңгерушісі болды. 1992-1997 жылдары - Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 1997-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаментінің директоры, вице-министрі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Химия технологиялық зерттеу орталығының директоры, «Жер, металлургия және байыту туралы ғылымдар орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері қиын байытылатын полиметалл шикізатын кешенді өңдеудің күрделі химиялық байыту процестерін зерттеуге арналған. Ол тотыққан минералдардың сульфидті минералдарға түрленуінің физикалық-химиялық заңдылықтарын ашты. Оның негізінде ауыр түсті металдардың тотыққан кентасын флотациялық байытуға жаңа технологиялық тәсілдері ұсынылды. Бұл тәсілдер шикізат пен қоршаған ортаны кешенді пайдаланудың қазіргі заман талабына сәйкес келеді. Мемлекет қайраткері ретінде, саяси қозғалыстар мен партиялардың өзара пікір алмасуына, елдегі бұқаралық ақпарат құралдары жұмысын үйлестіруге елеулі ықпал етті.

Техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

68 жыл бұрын (1949-2014) ақын ИСАЕВ Ибрагим дүниеге келді.

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылық үйінде нұсқаушы, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бөлімінде тілші-әдіскер, «Ара - Шмель», «Жалын» журналдарында редактор қызметтерін атқарған. Ақын өлеңдері венгр, болгар тілдерімен қоса, туысқан республикамыздың біраз тілдеріне де тәржімаланған. Өзі Коми әдебиетінің негізін салушы И.Кургатовтың, Ресей ақыны Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Жас жазушылардың Бүкілодақтық VI кеңесіне қатысқан.

«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.





6
6 жыл бұрын (1951) МҰСАБАЕВ Талгат Амангелдіұлы - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. Рига азаматтық авиация инженерлері институтын және Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітірген. 1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-ші ұшқышы, командирі, 1989 жылы Ульяновск қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженер-техник кадрлар дайындау орталығын бітіріп, Алматы біріккен авиаотрядының 1-ші ұшу отрядында ТУ-134 ұшағының 2-ші ұшқышы болды. 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріскен. 1991 жылы оған «Ғарышкер-сынақшы» санаты берілген. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми-зерттеулердің 2-ші бағдарламасын орындады. 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы қаңтардың 29-ы мен тамыздың 25-і аралығында «Союз-ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің командирі ретінде ғарышта болды. Ұшу кезінде 5 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл сапар барысында ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 3-ші бағдарламасы орындалды. 2001 жылғы сәуірдің 28-і мен маусымның 6-ы аралығында «Союз-ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық стансасына барған бірінші экспедицияның экипаж командирі міндетін атқарды. Бұл ұшу кезінде ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің 4-ші бағдарламасы орындалды. 2003-2005 жылдары - Ю.А.Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының топ командирі. 2005-2007 жылдары - «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамының бас директоры. 2007жылдың 11 ақпаннан 11 сәуірге дейін Қазақстанның әуе-ғарыш агенттігінің директоры қызметтерін атқарған. 2007 жылдың 11 сәуірінен - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қаңтарынан.

1-ші дәрежелі Барыс, Отан, Халықтар достығы, Австрияның «Күміс Қыран», Ресейдің «1 дәрежелі Ұлы Петр» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

65 жыл бұрын (1952) Ақтөбе облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты ТАҒЫМОВ Марат Мырзағалиұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Мартөк ауданында туған. Қазақ химиялық-технологиялық институтын бітірген. Өз еңбек ісін Ақтөбе автожөндеу зауытында слесарь болып бастаған. 1975-2000 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы және Ақтөбе облысында мекемелерінде және мемлекеттік органдарында әр түрлі лауазымдарда болған.2000 жылы ақпаннан 2011 жылы ақпан аралығында - Алға ауданының әкімі, облыстың ішкі саясат департаментінің директоры, облыстық жолаушы транспорты және автомобиль жолдарының басқарма бастығының орынбасары. 2011 жылы мамырдан 2012 жылы қаңтар аралығында - Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. 2012 жылы қаңтардан бастап Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылғы қазаннан қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.



58 жыл
бұрын (1959) ЛАУМУЛУН Мұрат Тұрарұлы - Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі дүниеге келді.

Ол Алматы қаласында дүниеге келген. Тарих ғылымының кандидаты (1990), саясаттану ғылымының докторы (2003), доцент. 1982 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген соң 1982-1985 жылдары осы университетте оқытушы, 1985-1987 жылдары Қазақстан ҒА-ның Тарих, археология және этнология институтында ғылыми қызметкер, 1987-1990 жылдары КСРО ҒА-ның Тарих институтында аспирант, 1990-1993 жылдары ҚР ҰҒА-ның Тарих және этнология институты мен Шығыстану институтында аға ғылыми қызметкер, 1992-1997 жылдары Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында жетекші ғылыми қызметкер, 2002-2003 жылдары институт директорының орынбасары, 1998-2002 жылдары ГФР-дегі ҚР Елшілігінде кеңесші болды. 2003 жылдан «Инвестициялар тиімділігін зерттеу агенттігі» ЖШС-нің аналитикалық орта жетекшісінің орынбасары қызметін атқарады және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері болды. 2006 жылдан «Астана» телеарнасында «Международная панорама» бағдарламасының жүргізушісі, Қазақстан республикасы тұңғыш Президенті қорының жанындағы дүниежүзілік экономика және саясат институтының бас ғылыми қызметкері болды. Қазір Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі.

«Индустриальное развитие Казахстана в освещении зарубежной историографии (1945-1985 гг.)» деген тақырыпта кандидаттық және «Геополитика в Центральной Азии и безопасность Республики Казахстан» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

52 жыл бұрын (1965) Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілі ҚОЖАНИЯЗОВ Серік Салауатұлы дүниеге келді.

Кузбасс политехникалық институтын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қызылорда филиалын бітірген.

1989-1992 жылдары - Қызылорда жөндеу-мехникалық зауытының инженер-технологы, шебері. 1992-1994 жылдары - «Серік» ШК директоры. 1994-1999 жылдары - «Арко-Инвест» ИЗҚ басқарушысы. 1999 жылы - Қызылорда бизнес-орталығының директоры. 1999-2000 жылдары - Қызылорда облысының әкімі жанындағы инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту орталығының директоры. 2000-2001 жылдары - «Сенім» ЖЗҚ ЖАҚ Қызылорда облысы бойвынша аймақтық менеджері. 2001-2004 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі. 2005-2007 жылдары - Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры. 2007-2008 жылдары - Қызылорда қаласының әкімі. 2008-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы. 2009-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аумақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2012 жылдан - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі. 2014 жылдың мамырынан қазіргі қызметте.

48 жыл бұрын (1969) БИЖАНОВА Гүлнар Қадіржанқызы - Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі дүниеге келді.

Ол Қарағанды облысы Қаражал қаласында туған. Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заң құқықтанушы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бакалавр-қаржыгер, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Жоғары халықаралық бизнес мектебін - MBA «іскер әкімшілдік магистрі» дәрежесін, аталған Академияның «менеджмент» мамандығын - магистр дәрежесін, ІСА Халықаралық ұйымының (Ұлыбритания) комплеанс-офицері жоғары дәрежесін бітірген.

1987-1988 жж. - кіші сатушы, 1988-1990 жж. - сатушы, 1992-1997 жж. - Қарағанды облысы Ульяновск аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1997-1998 жж. - Қарағанды облысының Бұхар-Жырау ауданы прокурорының көмекшісі, 1998-2000 жж. - Қарағанды қаласы прокуратурасының прокуроры, 2000-2001 жж. - Қарағанды облысы прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры, 2001-2005 жж. - Қарағанды облысы прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасының бас прокуры, 2005-2009 жж. - Қарағанды облысы прокуратурасының Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, 2009-2010 жж. - Қазақсан Республикасы Бас прокуратурасының Әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалау департаментінің Кәмелетке толмағандарға қатысты заңдардың қолданылуын қадағалау бөлімінің бас прокуроры, 2010-2011 жж. - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС басқармасы төрағасының кеңесшісі, 2011-2016 жж. - «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Құқықтық бақылау департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2016 жылғы 24 наурыз айынан бастап - Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.

«Қазақстан Республикасының прокуратурасына
20 жыл» (2016ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015ж.), «Қазақстан Маслихаттарына 20 жыл» (2014ж.), «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» (2014ж.), «Прокуратура озаты» 2-дәреже (2006 ж.) медальдарімен наградталған.

217 жыл бұрын (1800-1874) АҚШ-тың 13 президенті Миллард ФИЛЛМОР дүниеге келді.














null 83 жыл
бұрын (1934-2008) кипр саяси қайраткері, 2003-2008 жылдардағы Кипр президенті Тассос (Евстафий) Николау ПАПАДОПУЛОС дүниеге келді.










69 жыл бұрын (1948) кеңестік және ресей актрисасы, РСФСР еңбек сіңірген әртісі ГВОЗДИКОВА Наталья Фёдоровна дүниеге келді.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT