7 елге әуе рейсін ашу жоспарланып отыр – Алмаз Ыдырысов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы еліміздің әуе компаниялары 11 млн жолаушы тасымалдады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың қорытындысында азаматтық авиация саласындағы қазақстандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артты. Қазақстан тәуелсіздігі жылдарының ішінде алғаш рет тасымалданған жолаушылар саны 10 млн адамнан асып, 11 млн-ға жетті. Бүгінде жолаушылар ағыны қалпына келді және тұрақты өсім көрсетіп отыр», - деді Алмаз Ыдырысов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның дерегінше, 109 бағдар бойынша 29 елге халықаралық әуе рейстері қалпына келтірілді және ашылды. Аптасына 479 рейс жасалады. Ұшуларды 3 отандық және 27 шетелдік әуе компаниясы жүзеге асырады.

«Черногория, Малайзия, Грекияға әуе рейстерін жаңғырту, Қытай, Үндістан, Өзбекстанмен рейстер жиілігін арттыру және Израильге, Қатарға, Түркияға, Пәкістанға, Әзербайжанға, Тәжікстанға, Сауд Арабиясына рейстер ашу жоспарланып отыр», - деді ол.

Вице-министрдің дерегінше, әуе кемелері паркін кеңейту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін парк 51 ұшақпен толықтырылады. Оның 14-і өткен жылы елімізге жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар