7 дәмнен тұратын сусын: Ауған халқы Наурызды қалай тойлайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жылда наурыз айы басталысымен Алматы қаласындағы Бірлік үйінде абыр-сабыр тіршілікке көшеді. Бұл Наурыз мейрамының жақындағанын білдіреді. Биыл да, міне, бірнеше күннен бері көптен күткен ортақ мерекеге қым-қуыт дайындық жасалып, жұрт мәре-сәре болып жүр.

Бірлік үйіндегі Шығыс халықтарының кабинеттерінде бірінен соң бірі Наурыз мерекесін атап өту дәстүрі қалыптасқан. Бір ғимаратта айрандай ұйыған өзге ұлт өкілдері бір-бірін құттықтап, көрісіп, ізгі тілектерін жаудырады. «Наурыз бізді одан сайын жақындастырады» деп шаттыққа бөленеді.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ретінде Ауған халқының Наурызға жайылған ақ дастарханынан дәм тату бұйырыпты. Бірлік үйіне  Алматыда өмір сүріп жатқан ауған ұлтының өкілдері, студенттер, жастар мен ел ағалары жиналған екен. Айта кету керек, 21-наурызда ауған халқы Жаңа жылды қарсы алады. Ал биыл көршілес жатқан Иран мен Ауғанстан мемлекетінде Хижра жылнамасы бойынша жаңа 1397 жыл басталады.

null 

Қазақстандағы «Ариана» Ауған қоғамдық  орталығының төрағасы Ахмадулла Вастоктың айтуынша, ауғандар 21 наурызды  Руз-е Декхан күнін яғни, қазақшаласақ Диқаншылар күнін атап өтеді. Дәстүр бойынша бұл күні Наурыздың символы - жасыл желек пен көк шөп мерекелік дастарханның сәнін келтіріп, бұлар барлық тағамға қосылады. Ауған отбасылары бұл түні саумалдық (шпинат) пен қараөрік қосылған тағам дайындайды.

 null 

Оның қасына бәйшешек (шафран) пен тәтті шөптер қосылған ақ күріш чалау дайындалады.
null 

Бұл ыстық тамаққа арнайы соус беріледі. Ол бұршақты қызыл бұрыш пен сарымсақ, көк шөптен жасалады.

Ауғандар да басқа шығыс халықтары сияқты Наурызда басты тағам дайындайды. Ол - саманак. Өзбек жұрты Наурыздың тағамын «сумалак» десе, ауған халқында «саманак» аталады.  Өздері бұны 3 мың жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі тағам ретінде атап өтеді. Саманак - Наурыздағы дәстүрлі ауған тағамы. Тойымды көжені қайнатуға ауған әйелдері түнімен дайындалады. Бұл үшін әйелдер бидайды дәкеге орап жылы жерге қойып қояды. Содан бүр жарған бидайды еттартқыштан өткізіп, түнімен қайнатылады. Үйдің ортасындағы қазанда түні бойы саманак қайнап жатқан уақытта әйелдер дойра музыкалық аспабында ойнап, саманак әнін шырқайды. 

Саманактан бөлек, ауғандар 7 дәмнен тұратын арнайы сусын дайындайды. Ол сусын қайнатылмайды. Афтмеуа (афт-жеті, меуа-  жемісжидек) аталатын бұл сусынға мейіз, шырғанақ, пісте, бадам, грек жаңғағы, өрік, обджош (мейіздің үлкені) қосылады. Бұл 7 жидектен тұратын дәндер тазаланып жуылып, 2 күн бұрын ыстық суға салынады. Екі тәуліктен соң нәрлі сусын дайын.

Дәстүр бойынша 21-наурызда ауғандар көбінесе үйінде болады. Ал 22-наурызда Жаңа жылды тойлауға шығады. Олар бір-біріне, туған-туыстарына қыдырып барады. Көшеде көкпар, шаруа ойындары, түрлі спорттық шаралар өтеді. Үлкендер мерекелік концерт тамашаласа, жастар Атан Карсак биін билейді. Жаңа жылдың дәстүрі бойынша адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды, бір-бірін кешіріп, мейірімділікті дәріптейді.

Сонымен қатар, 21 наурызда әйелдер міндетті түрде үйді тазалап шығады. Шамасы келгендер ескі жиһаздарын шығарып, оның орнына жаңа зат сатып алады. Адамар ескі киімдерін тастап жаңа киім алады. Ауған халқы - өте қонақжай халық. Шығыс халықтарына тән үлкен құрмет, кішіге - ізет қағидасы мұнда да қатаң сақталған.

Мерекеге жайылған дастарханға құрметті  ақсақалдары шақырылады. Дәмнен ауыз тиген соң жастар Наурызда айтылатын Мулла Мамоджан әнін орындады.  Ауғанстанның Қазақстандағы бас консулының ресми мәдени департаментінің екінші хатшысы Фархад Хайдаридің айтуынша, ән авторы - 12 ғасырда өмір сүрген, белгілі шығыс шайыры, ақын Мәулана. Жас өнерпаздар  қазақтың домыбырасына ұқсас тамбур аспабы, барабан, ұлттық аспаптары - гитараға ұқсайтын қос ішекті рубам аспабында ойнады.

 «Наурыз Қазақстандағы секілді Ауғанстанда да ресми түрде демалыс деп жарияланған. Үкімет Наурызда 3 күн демалыс береді. Ал көршілес Иран елінде 15 күнге дейін демалыс жарияланған. Негізі ислам діні Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салады. Дін басылары Наурызды отқа табынушылық деп санайды. Бірақ, 3 мың жылдан бері тамырын жайған мерекені халықтың басым көпшілігі тойлайды. Мемлекет те тойлауға тыйым салмайды. Табиғатқа жан бітіп, күн мен түн теңелуін атап өтуде тұрған ештеңе жоқ. Ол біздің тарихымыз, мәдениетіміз. Оны дінмен шатастыруға болмайды», - деді Фархад Хайдари.

Мерекелік шараға жиналған жастар ұлттық дәстүрлері, салт-жоралғылары туралы жарыса айты. Олардың сөзінше, Ұлыс мерекесімен байланысты ел арасында аңыз көп. Наурыз мейрамында қасиетті тауға барып, шын жүректен дұға тілесе, соқырдың көзі ашылып, мылқауға тіл бітеді екен. Егер ауған жастары Наурыз кезінде үйленетін болса, күйеу бала жағы болашақ құдаларына балық пен тәтті тағамдар сыйға тартады. Көрсетілген сый-құрметке орай қыздың ата-анасын қызын қалыңдық қып ұзатады.
null 

Қазір Қазақстанда 2500-ге жуық ауған ұлтының өкілі тұрады. Олардың арасында студенттер басым. Солардың бірі - Қазақ ұлттық медициналық академиясының студенті Башарат осыдан 2 жыл бұрын барша Қазақстанға танымал болды. Ол Алматының қақ ортасында тежегіші істен шығып, тоқтамай жүйткіген трамвайдың апаттық тежегішін басып үлгерген еді. Осылайша Башарат трамвайда болған 15 адамның өміріне туған қауіптен құтқарып қалды. Кейін Қазақстан Үкіметі алғыс ретінде Башаратқа Қазақстан Республикасының азаматтығын берді. Наурыз күні жайылған дастарханға Башараттың өзі келе алмады. Алайда, оның жолдастары Башаратты мақтан тұтатыны көрініп тұрды. Достары ғана емес, жалпы Қазақстандағы ауған ұлты өкілдерінің еліміздегі жасалған жағдайға ризашылығы шексіз.

«Біз ауған халқы Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатырмыз. Ауған мәдениетін, тілін сақтауға барлық жағдай жасалған. Мында өзіңіз көргендей, жастар студенттер отыр. Бұл жастардың барлығы қазақ орыс тілдерін жақсы меңгерген. Олардың арасында Ауғанстаннан келген қазақтар да бар», - деді Фархад Хайдари.

Өзге елде жүрген диаспора өкілдері мені ақ көңілмен, шынайы ниетпен шығарып салды. Бірлік үйінен шығып бара жатқанда да айрандай ұйыған ұлт өкілдері Наурыздың жаршысы сынды бір-бірін құттықтап, кіріп-шығып жатты.

null null null 

Соңғы жаңалықтар