7 адамды өрттен құтқарған қостанайлық марапатталды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Лисаков қаласының әкімі Алмат Ысмағұлов өрт кезінде 7 адамның өмірін аман сақтап қалған Нагмар Ердәулетовті марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт 11 наурыз күні Лисаков қаласындағы 1-ші шағын ауданда болған. Сағат 20:20-да Қостанай облысы ТЖД өртке қарсы қызмет пультіне бес қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер автосаты арқылы 5 адамды құтқарды. Тағы 20 адам эвакуацияланды. Оның ішінде төртеуі - бала. Алайда, өрт орнынан 1968 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.

Сол күні Нагмар Ердәулетов жұмысынан үйіне қайтып келе жатқан. Ол көрші кіреберісте құтқару жұмыстары жүріп жатқанын байқайды.

«3 және 4 қабаттағы балконда тұрған адамдардың көмекке шақырған дауыстарын естідім. Бұрын өрт сөндіруші болғанмын. Бірнеше жылдық тәжірибем бар. Автосаты арқылы құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан әріптестерге көмекке келдім. 4-ші қабатқа дейін өзім шықтым, пәтер ішіндегі адамдарға өрт сөндіруші белдігін тағып, төменгі қабатқа дейін кезек-кезек түсірдім», - деп еске алады Нагмар Ердәулетов.

Кейін белгілі болғандай, Нагмар Ердәулетов өрттен 7 адамды құтқарған. Олардың арасында балалар да бар.

Нагмар Ердәулетов қазір қала әкімдігі жанындағы жұмылдыру дайындығы және терроризмнің алдын алу бөлімінің басшысы қызметінде. Лисаков қаласының әкімі қызметкердің осы ерлігін ескеріп, батылдығы үшін арнайы грамота және сыйлықпен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар