7 адам қаза тапқан оқиғада көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзған - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазығұрт ауданындағы Заңғар ауылының маңында арнаға түсіп кеткен «Нива» көлігінің 26 жастағы жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін дөрекі бұзған. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова айтып берді.

Ол қазіргі кезде болған оқиғаның барлық мән-жайларын ОҚО ІІД басқармасының тергеушілері анықтап жүргенін атап өтті.

«Көліктің магистральдық арнаның бойындағы ауыл арасы жолымен жүргені, жұмыскерлердің таңертең бақша егістіктеріне бара жатқаны белгілі болып отыр. Көліктің ішінде 10 адам болған», - деп баяндады С.Қаракөзова. Белгілі болғандай, таңғы сағат 8-дің шамасында «Нива» көлігі арнаға түсіп кеткен. Арасында жүргізуші болған 6 адам суға кетті. Қайғылы оқиғаның кездейсоқ куәгері болған 40 жастағы Асылбек Елмұратов суға секіріп, адамдарды құтқаруға асықты. Төрт әйелдің өмірін арашалап қалған оның өзі мерт болды. «Қазіргі кезде екі әйел аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы екеуіне медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қатты шошынған олар әзірге ештеңе түсіндіре алмай отыр», - деп айтты С.Қаракөзова. Көліктің ішінде болған тағы бір әйел із-түссіз жоғалды деп есептелуде. Құтқарушылар оның денесін таба алмай, ағыс алып кеткенін шамалап отыр. Оның артында үш баласы қалған. Қайғылы оқиға салдарынан барлығы 7 адам қаза тапқан.

Соңғы жаңалықтар