7-20-25: Жаңа бағдарламаның қарқыны қалай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы тапсырмасымен жүзеге аса бастаған «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғалы бері бір айдан асты. Осы уақыт аралығында республика бойынша жүздеген адам баспаналы болып үлгеріпті. Ұлттық банк болса, жаңа бағдарламаның қарқыны әлі де арта түседі деп сендіреді. Дегенмен, салмақтайтын сарапшылардан бастап көзі қарақты қарапайым жұрт та осы салада бірқатар өзекті мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты  «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі банктің есебін сараптап, қазіргідей қарқынмен қанша қазақстандықтың баспаналы болатынын болжап көрген еді.

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, шілде айында «7-20-25» бағдарламасына қатысып жатқан барлық банктер 4,8 млрд теңгенің ипотекасын мақұлдаған екен. Ал осы айдың алғашқы онкүндік көрсеткіші өткен айдың көрсеткішін орап кетіпті. Республика бойынша 4,9 млрд теңгенің заемдарды мақұлданды. Осылайша, 40 күннің ішінде банктер 9,8 млрд теңгенің несиелерін қаржыландыруға келісті. Алайда берілген ипотеканың сомасы одан үш есе аз болып тұр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың сөзіне сенсек, халыққа 3,6 млрд теңгенің несиесі таратылды. Демек, дәл осы ақшаға адамдар пәтер сатып алып, баспаналы болды. «Баспана» ипотекалық ұйымының ақпараты бойынша бағдарлама арқылы жұртшылық алып жатқан үйлердің орташа құны 14 миллион 68 мың теңгені құрайды. Енді, 3,6 млрд теңгені бір пәтердің орташа бағасына бөлсек, «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болғандардың санын шығаруға болады. Ол - шамамен 250 адам. Бұл дегеніміз, 40 күннің ішінде республика бойынша 250 адам 7 проценттік ипотеканы алды деген сөз. Осы қарқын сақталса бір жылда 2 250 адам баспаналы бола алады. Ал республика бойынша үйдің кезегінде 1,3 млн адам тұр. Әрине, олардың барлығы «7-20-25» бағдарламасына қатыспайды. Біреулер жер алып, үй салады. Енді біреулер арендалық үйге кіреді. Тұрғын үй жинақпен алатындар аз емес. Дегенмен, жаңа бағдарламаға 200 000 мың адам қатысқан күннің өзінде қазіргі қарқынмен барлығын баспанамен қамтамасыз етуге бақандай 100 жыл кетеді. Демек, «7-20-25»-ті үдете түсу керек-ақ.

Негізі, осындай бағдарлама арқылы баспаналы болуға халық тарапынан сұраныс бар. Бірақ сарапшылардың сөзінен байқасақ, ұсыныс, яғни бос қалған пәтерлердің саны аздау болып тұр. Себебі Қазақстанда үйлердің  басым бөлігі құрылыс жұмыстары барысында-ақ сатылымға түсіп кетеді. Ал «7-20-25» бағдарламасы тек 100 процент дайын баспананың құжаттарын ғана қабылдайды. Осыны ескерсек, қазіргі күні 7 процентпен ипотека алушыларға ұсынылып отырған баспананың басым бөлігі жаңа тұрғын үй кешеніндегі «қалдық  пәтерлер», яғни сатылмай қалған пәтерлер дегенге тура келеді. Мұны осы құрылыс нарығындағы мамандардың сөзінен де аңғардық. Қазақстан Құрылысшылары одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, жаңадан салынатын тұрғын үйдегі пәтерлердің 90 проценті бірден құрылыстың қазығы қағыла бастағаннан-ақ сатылады. Ал тұрғын үйді эксплуатацияға бергеннен кейін, олардың саудасында баспаналардың 5-10 проценті ғана қалады. «Негізі, ол үйлерді де саудаласып сатып жіберуге болады. Өйткені құрылыс компанияларына дайын пәтерлерді ақшасы бар адамдарға сатып жіберген тиімді ғой. Әйтпесе, қосымша келісімшарттарды рәсімдеу керек. Бірнеше банкпен жұмыс жасау қажет. Бұның барлығы - артық жұмыс», - дейді Т.Ерғалиев.

Оның ойынша, бүгінгі жағдайға сәйкес, жаңа пәтерлер нарығында сұраныс ұсыныстан басым болып қала берсе, осы санаттағы жылжымайтын мүліктің бағасы көтеріледі. Бұл - нарық заңы. Ұлттық банктің есебіне сенсек, жаңа бағдарламаға сұраныс жақсы болып тұр. 40 күннің ішінде 3,6 млрд теңгенің ипотекасы берілсе, барлық өтініштердің жалпы сомасы 15 млрд теңгеден асып отыр. Демек, қалған адамдарға басқа тұрғын үйлердің пайдалануға берілгенін күтуге тура келеді. Алайда, сол үйлер эксплуатацияға берілгеннен кейін бос пәтерлер қала ма? Өйткені, жоғарыда құрылысшы да растағандай, үйлердің басым бөлігі құрылыс кезінде сатылымға түседі, кейін құжаттары толық дайын болғанда, көбінесе «қалдық пәтерлер» сатылады. Оны да ескеру керек.

Ал риэлторлардың біріккен қауымдастығы жылжымайтын мүлік нарығында ешқандай өзгерістердің байқалмағанын айтады. «Бүгінде жаңа бағдарлама іске қосылса да, баға жағынан ешқандай өзгеріс жоқ. Себебі аталған бағдарлама аясында сатылып жатқан пәтерлердің саны көп емес. Басында «7-20-25» бағдарламасы құрылыс саласына үлкен серпін береді деп еді. Олай болған жоқ», - дейді ұйым басшысы Нина Лукьяненко.

Ендігі мәселе сарапшылар көтеріп жүргендей, жаңа бағдарламаның шарттарын екінші деңгейлі нарықтағы баспаналарға да тарату қажет. Сонда құрылыс саласы қазіргіге қарағанда біршама жандана түсетін еді. Себебі үйі барлар үйі жоқтарға пәтерін сатады да, өздері жаңа тұрғын үйлерден баспана алуға кіріседі. Сөйтіп, біреулер ескі болса да, алғашқы үйіне кірсе, енді біреулер өз жағдайын жақсарта алады. Бұл өз кезегінде құрылыс саласының жандануына септігін тигізеді. Мәселен, біреулер үшін бір бөлмелі үйді сатып жіберіп, екі бөлмелі үйді алуға мүмкіндік бар. Сонда екінші нарықтағы бір бөлмелі пәтерге «7-20-25»-тің қатысушысы кіреді, ал оны сатқан адам нарыққа қаражатын салып, басқа баспана алуға тырысады.  

Айта кетерлігі, Ұлттық банк те жаңа бағдарламаның шарттарын екінші деңгейлі баспанаға енгізсе, үйі барлардың ұтатынын жақсы түсінетінін аңғартады. Сол себепті аталған нарыққа қатысты шарттар басқаша болады деп отыр. Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, күзге қарай екінші деңгейлі баспанаға қатысты талаптар әзірленеді. Ескі үйлердің ипотекасы бойынша алғашқы жарна 20 проценттен жоғары, ал жылдық мөлшерлемесі нарықтық талаптарға жақын болуы әбден мүмкін. Бірақ банктердің қазіргі 14-15 процентінен төмен болады. Ол да дұрыс шығар.

Сонымен, «7-20-25» бағдарламасы жаңа пәтерлер нарығын әзірше жандандыра алмай отыр. Себебі баспананың басым бөлігі үй дайын болмай жатқанда сатылып кетеді. Ал жаңа бағдарламамен банктен ипотека алу үшін дайын үйдің құжаттары болуы шарт. Өйткені сол пәтердің өзі кепілдікке алынады. Басқа жылжымайтын мүлікті кепілдікке алмайды. Ендігі кезекте ипотекалық бағдарламаның шарттарын екінші деңгейлі баспанаға енгізсе,  халықтың екінші нарықтан болса да үй алып, баспаналы болатын мүмкіндігі туатын еді. Алайда ондайда жаңа бағдарлама өзінің «әлеуметтік бастама» деген мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін. Өйткені бұл жерде қалай дегенмен, алдымен үйі барлардың жағдайы жақсарады. Енді, не істеу керек? Бұл ретте ипотека алушыларды тұрғын үйдің құрылысы жаңадан басталғанда пәтерге иелену мүмкіндіктерін қарастыру орынды тәрізді. Бәлкім, «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алатындарға жеңілдік жасап, бас кезінде туған-туыстарының, я болмаса, жора-жолдастардың баспанасын кепілдікке қоюға рұқсат берген дұрыс болар. Сонда қатысушылар ипотеканы жылдам рәсімдеп, жаңа нысандағы пәтерді құрылыс жұмыстары бітпей жатып, таңдай алатын еді. Артынан қолға құжаттарды толық алғаннан кейін кепілдікте тұрған үйді жаңа пәтермен алмастыра салуға да болады. Негізі, кейбір банктерде ондай шарттар бар. Бірақ оның барлығы «7-20-25»-ке қатысты болмай отыр. Жаңа бағдарлама бес әлеуметтік бастама аясында көтерілгеннен кейін дәл сондай шарттар болуы керек тәрізді... 

Соңғы жаңалықтар