«7-20-25»: Шымкентте тұрғын үй құнының лимиті 25 млн теңгеге дейін ұлғайтылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте  «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құнының лимиті 25 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл туралы «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Ұлттық Банк басқармасы қабылдаған қаулыға сәйкес, Шымкент қаласы үшін «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.

«Бұл Шымкент тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Қалада тұрғын үй құрылысы белсенді түрде дамып келеді. Бүгінде Шымкентте 700 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Лимиттің ұлғаюы қала тұрғындарына тұрғын үй жағдайын жақсартуға қосымша мүмкіндік береді», - деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің бес қаласында аталған бағдарлама аясында тұрғын үйді сатып алудың ең жоғарғы сомасы 25 млн теңгені құрайды. Олардың қатарында  Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары бар. Ал, өзге  өңірлерде тұрғын үйді 15 млн теңгеден қымбат емес бағаға сатып алуға болады.

Айта кетейік,  ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Шымкент республикалық маңызы бар қаланың мәртебесіне ие болды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойған болатын. Сондай-ақ ҚР Парламент мәжілісінің бір топ депутаттары келіп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып кеткен еді. Сол кезде қала басшылары мен жергілікті құрылыс компаниялардың басшылары аталған бағдарлама аясында тұрғын үйді сатып алудың ең жоғарғы сомасын 25 млн теңгеге көтеруді сұраған.

Соңғы жаңалықтар