«7-20-25»: Пәтерге несиені құрылыс кезеңінде беру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін ипотекалық несиені беруді ұсынды. Бұл туралы аталған министрліктегі Құрылыс және түрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыру үшін Ұлттық банкке «7-20-25» бағдарламасы қатысушыларын несиелеуді үлестік құрылыс кезеңінен қарастыруды ұсынамыз», - деді Б. Қашақов Сенаттағы әлеуметтік тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда Кепілдік беру қоры кепілдігімен ипотекалық несиелеу тетігін енгізу ұсынылуда.

«Бұл тетік бағдарламаға қатысушылардың көп бөлігін қамтуға және халық үшін баспананың қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 4 шілдеден бастап екінші деңгейдегі банктер халыққа «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беруді бастады. 2019 жылғы 6 наурыздағы жағдай бойынша 117,7 млрд теңге сомасына 10 321 өтінім қабылданды. Оның ішінде банктер 70 млрд теңге сомасына 5 983 өтінімді мақұлдады.Қазіргі уақытта бағдарламаға елдің барлық өңірлерін қамтитын екінші деңгейдегі 8 ірі банк қатысуда.

Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2019 жылға қажеттілік 16 мыңға жуық пәтерді құрады.

Соңғы жаңалықтар