«7-20-25»: Қостанайда қанша үй тапсырылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 20 кредиттік үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста «7-20-25» бағдарламасы бойынша 206 өтінім түскен. Бұл мақсатта 1 млрд 407 млн теңге жұмсалу көзделіп отыр.

«Қазірге дейін облыста 119 өтінім мақұлданды. Қалғандары екінші деңгейлі банктер арқылы қаралып жатыр. Олар: «Банк Центркредит» АҚ, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Forte банк» АҚ, «Цесна банк» АҚ. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап «Сбербанк» АҚ да мемлекеттік бағдарламаны орындауға ниет білдірді. Былтыр қараша айында екінші деңгейлі банктерге 352 бюджеттік пәтерлер тапсырылды. Оның 118-і «Байтерек Девелопмент» ұйымына тиесілі», - деді Нұрлан Қатарбеков.

Осы жылы «Әуежай» шағын ауданында 32,9 мың шаршы метр аумақта баспана салынады. Қала ішіндегі «Юбилейный» шағын ауданында 67 гектар жерде құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда 1233 пәтерлік 11 үй қолданысқа беріледі. Үйлерді «БК-Строй» ЖШС салады.

Тұрғын үй құрылысы Қостанай ауданында да қызу жүріп жатыр. Мұнда «7-20-25» бағдарламасының 9 қатысушысына «Тобыл» кәсіпкерлерді қолдау қоры 15 жылға пайызсыз несие беріп отыр. Үйлер «Северный» шағын ауданында тұрғызылған.

Өңірде 2019 жылы 20 кредиттік үй пайдалануға беріледі. 2018 жылы толық іске асырылмаған тұрғын үй құрылысын ескере отырып, екінші деңгейлі банктерге «7-20-25» бағдарламасы аясында 500-ге жуық пәтер ұсынылмақ.

Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жасалтын жеңілдікті естен шығармауды тапсырды.

«Жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын сапалы іске асырыңыздар. Ең алдымен, дәрігерлерге, мұғалімдерге, ішкі істер органдары қызметкерлері мен әлеуметтік салалардағы жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен субсидиялау жалғасады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алатындармен тығыз байланыс жасаңыздар. Қажет болса, демалыс күні жеке қабылдау жүргізу қажет. Біз қаншама тұрғын үй салдық, бірақ оның игерілуі төмен. Бұл жұмысқа деген жауапкершіліктің аздығы. Осы жылы екінші деңгейлі банктермен бірігіп, 500 пәтер тапсырамыз. Аз көрсеткіш емес. Сондықтан, халыққа насихаттау жұмыстарын тоқтатпаңыздар. Керек десеңіздер, қосымша қаржы бөлуге дайынбыз», - деді Архимед Мұхамбетов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында педагогтар, дәрігерлер және полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна төмендетілді.

Соңғы жаңалықтар