«7-20-25»: Қостанайда 11 көппәтерлі үй пайдалануға беріледі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 421 өтінім түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсембаевқа сілтеме жасап.

Биыл Қостанай облысында 11 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл­ үйлердің дені «Юбилейный» шағынауданында бой көтермек. Баспананы аймақтағы ірі құрылыс компаниясы саналатын «БК-Строй» ЖШС тұрғызуда. Компания, алдымен мемлекеттік бағдарлама бойынша 252 пәтерді сатуға қояды.

«Бүгінге дейін «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша 2 млрд 989 млн теңгеге 421 өтінім түсті. Оның ішінде 1 млрд 950 млн теңге сомасына 273 өтінім мақұлданды. Бұдан бөлек, бағдарламаны іске асыру үшін екінші жарты жылдықта облигациялық қарыздар есебінен салынып жатқан кредиттік тұрғын үйлердің берілуіне қарай екінші деңгейдегі банктерге 368 бюджеттік пәтер беру жоспарланған»,- деді С. Бейсембаев.

Жалпы, 2018 жылы қолданысқа берілмеген пәтерлерді ескере отырып, екінші деңгейдегі банктерге 600-ден астам пәтер беріледі. Сондай-ақ, «Тобыл» әлеуметтік қолдау қоры Қостанай ауданындағы «Северный» шағынауданында 21 тұрғынға бастапқы жарна үшін 14,6 млн теңге көлемінде пайызсыз қарыз берді. Аталған шағын аудандағы пәтерлер медицина қызметкерлері, педагогтар, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған.

С. Бейсембаевтың айтуынша, ҚР Үкіметі азаматтарға 1 млн теңгеге дейін бюджеттік несие түрінде әлеуметтік көмек беруі тиіс. Қазір тұрғын үй сертификаттарын беру туралы заңға түзетулер енгізілуде. Бұған жергілікті атқарушы билік те үлес қосады.

Соңғы жаңалықтар