7-20-25: Қостанай облысында 640 өтінім қабылданды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына өтінім берушілер саны едәуір өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкі Қостанай филиалының директоры Жомарт Қажрахимовқа сілтеме жасап.

Өңірде «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Қостанай облысы мақұлданған кредиттер саны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін алғашқы үштікке кіреді.

«Осы жылдың 25 шілдедегі жағдай бойынша 4,7 млрд теңгеге 638 өтінім қабылданып, 3,2 млрд теңгеге 437 өтінім мақұлданды. Бағдарламаға енгізілген соңғы өзгерістердің бірі – бастапқы жарна сомасын 20%-дан артық төлеу мүмкіндігі, бұл қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалауға оң әсер етеді. Соның нәтижесінде тұрғын үйге өтінім берушілер күн санап көбейіп келеді», - деді Жомарт Қажрахимов журналистермен өткен брифинг барысында.

Сонымен қатар облыста ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, барлық валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұлғайды.

«Ал «Астана Банкі» Қ және «Qazaq Banki» АҚ арқылы несиені қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Қарыз алушылар 15 желтоқсанға дейін қайта қаржыландыру туралы өтінішпен кредитор-банкке жүгінулері қажет. Қазақстан азаматтарының борыштық жүктемесін төмендету бойынша шаралар да қабылданады», - деп түсіндірді банк төрағасы.

Жомарт Қажрахимов тұтынушылық кредит беру нарығының баяулағанын айтты. Бүгінде облыс тұрғындарының берешегі 89 млрд теңгеге дейін өскен. Бірінші жартыжылдықта банктер 50 млрд теңге берді. Негізінен, халықтың жан басына шаққандағы тұтынушылық несиелері бойынша Қостанай өңірі республикада 13-ші орында.

Соңғы жаңалықтар