«7-20-25»: Қарағанды әкімі моноқалаларда баспана салуды тапсырды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының кей аймақтарында «7-20-25» бағдарламасы толық көлемде жүзеге асырылып жатқан жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің ресми интернет-ресурсына сілтеме жасап.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов аталған бағдарлама бойынша спутник-қалаларда баспана салу жөнінде тапсырма берді.

«Жезқазған мен Балқашта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр. Облыстық бюджеттің қолдауының арқасында бұл үйлердегі бір шаршы метр баспананың құны 90-100 мың теңге төңірегінде. Бұл - сатып алушылар үшін тартымды баға. Шағын қалаларда сатып алу қабілеті облыс орталығына қарағанда төмен екенін ескеру керек. Облыстың көмегімен «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сай келетін және сатып алушының қалтасын қақпайтын арзан тұрғын үйлер салуға болар еді. Теміртау, Балқаш және Жезқазғанда біздің банктің салымшылары аз емес, оларға бұл ұсыныс ұнайтыны сөзсіз», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қарағанды филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев.

Ерлан Қошанов бұл ойды құптап, аталмыш бағдарламаға қатысып жатқан құрылыс компанияларын қолдауға дайын екенін айтты.

«Біз облыстық бюджет есебінен құрылысқа қаржы бөлуге дайынбыз. Сіздерге тек өз жұмыстарыңызды атқару ғана қалды! Үй салсаңыздар, сатып алушылар табылады ғой», - деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, биыл Жпезқазғанда көпқабатты екі үй пайдалануға беріледі. Оның біреуі - жалдауға арналған баспана болса, екіншісі несиеге беріледі. Тағы бес үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Келесі жылы көппәтерлі екі үйдің құрылысы басталады.

Балқашта да биыл 4 тұрғын үй салынып жатыр. Тағы екі үйдің инженерлік коммуникациялары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттары жасалып қойған. 

Соңғы жаңалықтар