«7-20-25»: Биыл Қостанайда көппәтерлі 11 тұрғын үй салынады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өңірде Елбасының әлеуметтік бастамалары қарқынды жүзеге асуда. Бүгін «Nur Otan» партиясының жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшелері аймақтағы әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыста «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үй алу тетіктері жеңілдетілген.

«Жыл басында партияның Бес әлеуметтік бастаманы түсіндіру мен іске асу барысын тексеру бойынша іс-шаралар тізбегі құрастырылған еді. Өткен жылдың өзінде 6 отырыс өткізіліп, нәтижесінде 13 ұсыныс әзірленді. Бес әлеуметтік бастаманы ақпараттық-түсіндіру шаралары аясында 900-ден астам кездесу ұйымдастырылды. Осы жылы Қоғамдық кеңес мүшелері екінші деңгейлі банк өкілдерімен бірлесіп арнайы акция ұйымдастырды. Қоғамдық қабылдауда «7-20-25» бағдарламасы түсіндірілді. Бірнеше сағатта 100-ден астам қостанайлық кеңес алды», - деп мәлімет берді «Nur Otan» партиясы ҚОФ филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев.

Жалпы, Қостанай өңірінде 600-ден астам көп балалы отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың 70%-і облыс орталығы мен Рудный қаласында және Қостанай ауданында тіркелген. Жуырда оларды баспанамен қамтамасыз етуге республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінді. Бұл қаржының бір бөлігіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатылып алынса, екінші бөлігі баспана кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға«Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 2% жеңілдікпен беріледі.

Облыстық тұрғын үй құрылысы басқармасының ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» аясында жаңа бағдарлама мамыр айынан басталады. Қаржының қалған бөлігіне көп балалы отбасыларына арналған жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Мұндай үйдің бірі былтыр Аманкелді ауданында бой көтерген еді. Биыл Федоров ауданында 24 пәтерлік, ал Лисаков қаласында 60 пәтерлік жалдамалы үй салынбақ.

Өңір тұрғындарының «7-20-25» ипотекалық бағдарамасы бойынша баспана алу көрсеткіші де біршама өскен. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан екінші деңгейлі банктерге көлемі 2 млрд. теңгеге жуық 400 ден астам өтінім түсіп, оның 306-і қанағаттандырылған. Тобыл өңірі бұл бағдарламаны іске асыруда еліміз бойынша алдынғы қатарда келеді.

«Былтыр бұл бағдарлама бойынша тұрғындарға жалғыз «Центркредит Банк» қана несие беріп келсе, биыл оған «Халық банкі», «Форте», «АТФ», «Цесна банк», «Еуразия» және «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылып отыр»,- дейді ҚР Ұлттық банкі ҚОФ қаржы мекемелерін қадағалау және қаржылай қызмет көрсету бойынша тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Әсет Қуанышбаев

Жалпы «7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 11 тұрғын үй салынады. Онда 1233 пәтер бар. Мұның сыртында аталған бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында екінші жартыжылдықта облигациялық қарыздар бойынша салынып жатқан несиелік тұрғын үйлердің есебінен 368 пәтерді екінші деңгейлі банктерге өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар