«7-20-25» бағдарламасының операторы ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ төрағасының орынбасары Талғат Байдосов  «7-20-25» бағдарламасына қатысатын клиенттердің портретін суреттеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мамандардың айтуынша, қазір Қазақстанның барлық аймақтарынан құны 57 млрд теңге болатын 4831 өтініш түсті. Банктер 37,7 млрд теңгенің 3144 өтінішін мақұлдады.

Өңірлердің ішінде Астана мен Алматы көш бастап келеді. Одан кейін Маңғыстау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында белсенділік бар.

Алматыда мақұлданған несие сомасы 10 млрд теңгеден асады. 826 отбасының өтінішін банк мақұлдады.

«Егер бағдарлама клиентінің сипатына келсек, ол - 25-35 жас аралығындағы тұрақты табысы бар, экономикалық белсенді азаматтар. Бағдарлама бойынша орта есеппен 11,7 млн теңге тұратын баспанаға сұраныс өте көп. Ал, 15-25 млн теңге арасында баспана алатын клиенттердің саны 7 пайыздан аспайды», - деді Талғат Байдосов.

«7-20-25» бағдарламасы жаңадан салынған үйлерді  сатып алуға ғана несие береді. Мамандар нарықта бірінші кезектегі, яғни жаңадан салынған үйлерге тапшылық бар екенін айтты.

«Әсіресе аймақтарда бұл проблема бағдарламаның жүруіне кедергі келтіріп отыр. Оған екі нәрсе себеп: біріншісі - құрылыс компанияларының 90 пайызы баспананы пайдалануға бермей тұрып сатып жібереді. Жекеменшік компаниялар баспананы Алматы мен Астанада салғанды құп көреді. Өңірлерге көпшілігі бармайды. Басқа өңірлерде құрылыс жұмыстары әкімдік тарапынан бөлінген қаржыға жүргізіледі. Осыған байланысты өңірлерде жаңадан салынған баспана қатарын көбейту мақсатында бағдарламаға өзгерістер енгізілді. «Баспана» ұйымы жергілікті атқару органдарына «7-20-25» бағдарламасы аясында үй салу үшін 150 млрд теңге аудармақ. Қазір бұл өзгерістің тетіктері әкімдікпен жан-жақты келісіліп жатыр», - деді Т.Байдосов.

«Баспана» өкілі әкімдіктердің «Нұрлы жер» бойынша жұмыс атқарып келгенін, сондықтан бұл бағдарлама бойынша қиындықтар туындамайтынын айтты.

«Бағдарламаға қолданыстағы үйлерді кіргізу туралы сұраныс өте көп. Алайда, бұл жоба 2 маңызды міндетті көксейді. Ең алдымен адамдарды баспанамен қамту, құрылыс саласының жандануы. Осыған байланысты «Баспана хит» жобасы ашылды. Бұл бойынша да алғашқы салым - үйдің құнының 20%. Сосын клиентке 11 пайызбен несие беріледі. Несие 15 жылға беріледі», - деді ол.

Мұның алдында ҚР Ұлттық банкінің Алматы бөлімшесі басшысының орынбасары Гүлнар Шеметова 7-20-25 бағдарламасы бойынша қаражат қалай тартылатынын айтқан болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар