7-20-25 бағдарламасының негізгі бағыттары бекітіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мамыр айының соңына дейін ҚР Ұлттық банкі «7-20-25» бағдарламасының негізгі бағыттарын бекітеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының ипотеканы қолжетімді ету бойынша бірінші әлеуметтік бастамасы бағдарламасын бекітуге дайынбыз. Мамыр айында аталған бағдарламаның базалық ережесін қабылдау жоспарланған», - деді О. Смоляков Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Сонымен бірге, Ұлттық банк өкілі бағдарламаның құрылымы туралы әңгімелеп берді.

«Бағдарлама 7 проценттік мөлшерлемеден, 20 проценттен аспайтын бастапқы жарнадан және 25 жылға дейінгі несие мерзімінен құралған. Мұндағы негізгі қағида - мөлшерлеменің көбейтілмеуі, яғни қарызды беруде, қызмет көрсетуде ешқандай комиссия алынбайды. Басты талап - ресми кіріс көзінің болуы, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметінің расталуы. Ол үшін салық органдарының немесе БЖЗҚ анықтамасын әкелуге болады. Яғни, бұл бағдарлама мемлекеттік қызметкерлерге де, кәсіпкерлерге де арналған», - деп түсіндірді ол.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен баспана беруде үй салушылар немесе агенттен тікелей сатып алынатын жаңа баспаналарға басымдық беріледі.

«Біздің ойымызша, бағдарламаның әлеуеті зор - бес жылда шамамен триллион теңге айналымға түседі. Жылына шамамен 200 млрд теңге жаңа ипотекалық несиелер рәсімделеді», - дейді Олег Смоляков.

Бұған дейін «7-20-25» бағдарламасының 2018 жылдың екінші жартысында іске қосылатыны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар