«7-20-25» бағдарламасы бойынша павлодарлықтардан бірде-бір өтініш түспеген

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының тұрғындары арасында «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баилов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Аталмыш бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін бірде-бір өтініш түскен жоқ. Дегенмен, өтініштерді қабылдауға дайынбыз», - деді Талғат Баилов.

Атап өтілгендей, BASPANA.KZ  порталы арқылы тегін өтініш беріп, еліміз бойынша кез келген өңірден пәтер таңдауға болады. Қажетті құжаттар тізімі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтында көрсетілген.

«Павлодарда Абай көшесі, 75, Екібастұзда Строительная көшесі, 80 мекенжайы  бойынша және Ақсу қаласында «Астана» сауда үйінде менеджерлер  жұмыс істейді. Сондай-ақ, облыс бойынша банктің штаттан тыс 60 кеңесшісі бар», - дейді ол.

«7-20-25» бағдарламасы аясында сатып алынатын баспана қолданысқа енгізіліген әрі бірінші нарықтағы үй болуы тиіс. Мұндай нысандар Павлодар қаласы бойынша Тәуелсіздік  даңғылы және Суворов көшесінде, сондай-ақ  Екібастұз қаласында  бар.  Қарызға берілетін ең жоғары сома 15 миллион теңгені құрайды. Егер де тұрғын үйдің бағасы одан жоғары болған жағдайда баспана алушы үстінен өзі қаражат қоса алады.  Яғни, 20 пайыз алғашқы жарнаның үстіне 12 миллион теңгені банк ұсынады.

Соңғы жаңалықтар