«7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотека қашан беріле бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы екі-үш айда «7-20-25» бағдарламасы бойынша бірінші ипотекалық займдар беріледі. Бұл туралы елордада халық алдындағы есептік кездесуде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршамызға белгілі, ипотеканы одан әрі дамыту мен төлей алатын халықты қолдау мақсатында  жаңа ипотекалық «7-20-25» бағдарламасы енгізілуде.  Осы бағдарлама аясында несие бойынша пайыздық ставкасы жылына  7 пайызға дейін болады, бастапқы жарнам 20 пайыздан аспайды, ал  ай сайынғы төлемін  азайту үшін несиенің мерзімі 25 жылға дейін ұзартылатын болады. Ипотека жаңа құрылыстағы үйлерді сатып алуға берілетін болады. Сонымен қатар ипотеканың бір бөлігі ертеректе пайдалануға берілген пәтерлерді қамтуы мүмкіндігі қарастырылуда», - деп тоқталды министр.

Министрліктің мәліметіне қарағанда,  мысалы, Атырау облысы бойынша  пәтер 12 млн теңге тұрса, онда бастапқы төлеміне (20%) 2,4 млн теңге қажет болады. Ал қалған 9,6 млн теңге сомасы банкпен 25 жылға 7 пайызға берілетін болады. Отбасы үшін ай сайынғы 68 мың теңге төлем ынғайлы болады.

«Бұл арзан ресурстар тетігі және әр жұмыскер бағдарлама аясында пәтер сатып ала алады. Қазақстандықтардың көбі пайдалы шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндіке қол жеткізеді. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдауға және халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түйді Жеңіс Қасымбек.

Оның атап өтуінше, бағдарлама мамырда немесе маусымның бірінші онкүндігінде қабылданатын болады. Алғашқы ипотека екінші жартыжылдықтың басынан беріле бастайды.

«Үшінші тоқсанда бірінші ипотека беріледі деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, өңірлер бойынша параметрлер айқындалды. Сәйкесінше, өңірлер аясында қажеттіліктерді де білеміз. Ұлттық банкте барлық қажетті ақпарат жинақталды. Менің ойымша, алдағы екі-үш айда бірінші ипотекалық займдар «7-20-25» бағдарламасы бағытында беріледі», - деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар