«7-20-25» бағдарламасы арқылы пәтерді қалай сатып алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы арқылы қазақстандықтар қалай баспана сатып ала алатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аталған ұйымның ҚазАқпараттың ресми сауалына берген жауабына сәйкес, жеке тұлғалар бағдарлама арқылы займ алу үшін келесі талаптарға сай болуы тиіс: Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы міндетті, қарыз алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе жөндеуге алған заемдары бойынша өтелмеген қарызының болмауы қажет, қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табысының болуы қажет, қарыз алушыда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден басқа баспананың болмауы тиіс.

Бұған қоса, банктер заемшіге  бағдарлама шарттарына қайшы келмейтін қосымша талаптар қоя алады. Бағдарлама бойынша займ алу үшін қатысушы банктерге жүгіну қажет. Ол үшін бағдарламаға қатысу үшін қажетті барлық құжаттарды жинау керек.

Ең алдымен заемші баспана тауып, одан кейін баспананы салушыға жүгінеді. Өз кезегінде баспана салушы заемшіге тұрғын үйге арналған барлық құжаттарды банкке ұсыну үшін береді. Одан кейін заемші сатып алатын пәтеріне тәуелсіз бағалау жасатады. Бағалау актісін алғаннан кейін банкке жүгінеді.

Банк заемшіден қажетті құжаттарды сұрайды және займ беру туралы шешім шығарады. Банк оң шешім шығарған жағдайда баспана салушыға қажетті соманы аударады. Заемші баспана салушымен сатып алу-сату келісімшартына қол қойып, сатып алған пәтерін банктің кепілдік мүлкі ретінде рәсімдейді.

Естеріңізге сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы ағымдағы жылдың 5 наурызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында әзірленген. Мамыр айының соңында Ұлттық банк бекіткен бағдарлама келесі шарттар арқылы ипотекалық займ беруді көздейді: сыйақы ставкасы - 7 пайыз, бастапқы жарна - 20 пайыз, займ мерзімі - 25 жылға дейін.

Соңғы жаңалықтар