«7-20-25» бағдарламасы арқасында баспанаға қол жеткіздік - жас отбасы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  «7-20-25» бағдарламасы арқасында қолайлы баспанаға қол жеткіздік. Бұл туралы Орал қаласында тұратын жас отбасы Талғат Ниязғалиев пен Айнұр Тасмұханова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың айтуынша, бұған дейін жас отбасы ата-анасымен бірге тұрып келген екен.

Талғат «Қазақтелеком» АҚ-да инженер болса, Айнұр - шаһардағы №26 орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Екеуі Сырым, Сымбат есімді балапандарын өсіруде.

«Әрине, әркім де өз баспанасы болғанын аңсайды. Елбасының бес әлеуметтік тапсырмасы аясында «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғаннан кейін шарттары қолжетімді әрі тиімді болғандықтан, қаржы жинақтай бастадық. Бағдарламаның бір ұнаған жері, баспананы өзің таңдай аласың. Сондықтан біз баламыз «Солтүстік-шығыс» шағынауданындағы балабақшаға барып жүргендіктен, сол маңнан екі бөлмелі пәтер таңдадық. Шілде айына дейін қаржы жинап, бірнеше банкке барып, «Центр Кредит банкке» тоқтадық. Құжаттарымызды тапсырғаннан кейін кешіктірмей, екі күннің ішінде рәсімдеді. Жаңа пәтеріміздің ішкі әрлеу жұмыстарын да бітіріп алдық. 20 пайыздық алғашқы жарна мен ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды. Айына 60 мың теңге төлеп тұрамыз», деді Айнұр Әлібекқызы.

Айта кетейік, шілде-қазан айларында 97 батысқазақстандық тұрғын аталған бағдарламаға қатысуға тілек білдірсе, соның 47-сі жаңа баспанаға қол жеткізіп үлгерген.

«7-20-25» бағдарламасына қатысушылар саны бұдан да көбейеді деп ойлаймыз. Өйткені Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялаған кезде аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылу барысына тағы да тоқталып, кедергілерді жою қажеттігін айтып, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды. Енді жас отбасылар үшін баспана алу жеңілдей түспек», деді ҚазАқпарат тілшісіне Талғат Ниязғалиев.

Соңғы жаңалықтар