«7-20-25»: Алматының қай жерлерінде тұрғын үйлер салынуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қандай жерлерде тұрғын үйлер салынып жатқаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нарықта «7-20-25» бағдарламасына сай келетін пәтерлердің барлығы сатып алынған. Енді аталған бағдарлама бойынша Алатау ауданында құрылыс басталады. «Алматы арена» ғимаратының жанынан 600 пәтерлік үйлер салынады. 2018 жылдың желтоқсаны - 2019 жылдың қаңтары аралығында Медеу ауданындағы «Халық арена» спорт кешенінің жанынан бір шағын аудан пайдалануға беріледі. Бұл нысанда 900-ге тарта баспана аталған бағдарламаның шарттарына сәйкес келеді. Құрылыс компанияларымен бірге пәтер құнының параметрлерін және тапсырылу мерзімін қарастырдық. Пәтерлердің жартысы «Самұрық Қазына» арқылы сатылса, қалғаны  еркін саудаға шығарылады. 900 пәтерді «7-20-25» арқылы алуға болады. Басқа да аудандарда талапқа сәйкес келетін нысандар бар», - деді «Баспана» ипотекалық ұйымы»АҚ төрағасының орынбасары Талғат Байдосов.

Оның айтуынша, жақында «7-20-25» бағдарламасы бойынша онлайн жүйе жасалады. Енді клиенттер өздеріне тиімді пәтерді портал арқылы таңдай болады.

«Алматыда орта есеппен 13 млн теңге болатын баспанаға, аймақтарда 9 млн теңге болатын баспанаға сұраныс көп. Клиенттер 25 жылға дейін несие рәсімдей алады. Бағдарлама бойынша пайыздық көрсеткіш 7 пайыз болып қалады. Банктердің қосымша комиссия, төлем алуға құқығы жоқ»,- деді Талғат Байдосов.

Атап өтілгендей, азаматтардың көпшілігі 20 пайыздық алғашқы жарнаны төлеуге ғана қиналады.

«Өкінішке орай азаматтардың көпшілігінде алғашқы жарнаға қаражат жоқ. Сол үшін жергілікті әкімдіктер мемлекет бюджеттік салада істейтін қызметкерлерге, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға алғашқы салым төлеу үшін субсидия бөледі. Субсидия көлемі мен шарттарын жергілікті атқару органдары анықтайды. Сертификаттар уақытқа қарай беріле ме, әлде еңбек өтілі есептеле ме, ол жағын әкімдік шешеді. Бірақ, бұл бастаманың өзі көптеген қазақстандықтардың баспана мәселесін шешуге көмек берері сөзсіз», - деді ҚР Ұлттық банкінің Алматы бөлімшесі директорының орынбасары Гүлнәр Шеметова.

Айта кету керек, 22 қарашадағы жағдай бойынша, Алматыда екінші деңгейлі 7 банк арқылы құны 10 500 млн теңге болатын 826 өтінім мақұлданған. Барлығы 8937,3 млн теңге болатын 689 несие берілді.

Бүгінде «70-20-25» бағдарламасымен берілген несиелер бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орында Алматы келеді. 

Соңғы жаңалықтар