7-20-25: Алматы облысында алғашқы жарнаның жартысы субсидияланады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында бюджет қызметкерлері үшін «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасының жартысы субсидияланады. Аталған бағдарлама арқылы үй алу үшін әлеуметтік сала қызметкері алғашқы жарнаға 2 млн теңге төлеуі тиіс болса, оның бір миллион теңгесін әкімдік төлеп береді. Халықты баспанамен қамтуға бағытталған мұндай іске 2 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескеретін жайт, әкімдік қаржыны өсімсіз несие арқылы береді. Яғни, баспана алушы алған ақшаны белгілі бір уақыт аралығында қайтаруы тиіс. Облыс әкімдігі алғашқы жарнаны төлеуге көмек беріп отыр және қаражатты пайызсыз береді. Осыған орай бүгін облыс әкімі Амандық Баталов пен «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков бірлескен меморандумға қол қойды. Алматы облысының әкімі бұл мүмкіндікті баспаналы болуды армандаған халықтың барлығы құлағдар болуы тиіс деп қарамағындағыларға насихаттау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында әкімдердің жұмысын «7-20-25» бағдарламасының өңірлердегі орындалу нәтижелеріне қарап бағалайтынын айтты. Сондықтан аудан, қала әкімдері осы бағыттағы жұмысқа білек түре кірісуі керек. Маған аудан, қалалар бойынша тұрғын үй бағдарламасына қатысуға білдірілген өтінімдер мен берілген займдар туралы апта сайын есеп берілетін болсын. Облыстағы бюджеттік салада жұмыс істейтін азаматтарымызға, соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге қолдау ретінде алғашқы жарнаны субсидиялау туралы шешім қабылдадық, яғни 20%-тің 10%-ін біз өзімізге аламыз. Ол үшін тұрғын үй сертификаты түрінде қайтарымды негізде ұзақ мерзімге процентсіз несие беріледі. Бұл іске біз 2 млрд. теңге бағыттаймыз. Шамамен 500 мың шаршы метр болатын қолжетімді тұрғын үй салынады», - деді А. Баталовnull 

Мұнан соң сөз алған «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ басқарма төрағасы Қ. Алтынбеков тұрғын үй бағдарламасының қалай орындалып жатқаны туралы әңгімеледі.

«Мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасына қатысты бірінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде 40 млрд. теңгеден астам сомаға өтінім қабылданған. Олардың ішінде банк 28 млрд. теңгеден астам соманы беруді мақұлдады. Соның ішінде Алматы облысы бойынша банктер 640 млн. теңгелік 53 өтінімді мақұлдады. Қазіргі кезде бағдарламаға 7 банк қатысуда. Олардың көшбасында «Банк ЦентрКредит» АҚ тұр, бүгінгі күні бағдарламаны жүзеге асыруға «Халық банкі» белсене кірісуде», - деді Қ.Алтынбеков.null 

«Баспана» ИҰ» АҚ өкілінің айтуынша, егер тұрғын үй құны 10 млн. теңгеден аспаса, онда ипотекалық несие оның 8 млн. теңгесін құрайды, алғашқы жарна ретінде клиент миллион теңге құяды, ал Алматы облысының әкімдігі тағы миллион теңге қосатын болады. Нәтижесінде ай сайынғы төлем ипотека бойынша 56 мың теңгеден аспайды. Өңірде қазіргі кезде «Қамқор баспана» жобасы шеңберінде әкімдік қолдауына бюджеттік сала қызметкерлері талаптана алады.

Соңғы жаңалықтар