7-20-25: Ақтөбеде 147 адам баспаналы болады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында 200-ден астам адам «7-20-25» бағдарламасы бойынша өтініш берді. Қазіргі кезде 147 өтініш мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тамыз айынан бері Ақтөбе қаласында «7-20-25» мемлекеттің бағдарламасы іске асырылып келеді. Банктер мен құрылыс компаниялары бірлесіп таныстырылым өткізді. Кейін ірі компаниялардың жұмысшыларына баспаналы болудың жолдары көрсетілді. Биыл барлығы 1,2 миллиард теңгенің 147 өтініші мақұлданды.

«Ақтөбеліктердің көбі жаңа бағдарламамен «Батыс-2» ықшам ауданынан пәтер алып жатыр. Қазір қалада 25 құрылыс компаниясы бар. Олар осы шағын ауданда 2 169 пәтер салып, пайдалануға беруге әзір», - деді қала әкімі Ілияс Испанов өз есебінде.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданында биыл 1 602 пәтерді пайдалануға беру жоспарланды. Барлығы тоғыз қабатты 6 көпқабатты үй Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша пайдалануға беріледі. Бұл үйлердің құрылысы 2017 жылы басталды. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3, 4, 5 қабатты 36 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда барлығы 1 695 пәтер болады. Биыл оның 354 пәтері қолданысқа беріледі. Дегенмен инженерлік желі мен көгалдандыру жұмыстарына уақытылы қаржы бөлінбей адамдар сатып алған пәтеріне кіре алмай отыр. Сонымен қатар, бұл фактор пәтерлердің уақытылы сатылуына кері әсерін тигізді.

«Қала бюджетінде бұл мақсатқа қаржы қарастырылмаған, бөлінбеген. Инженерлік желілер мен көгалдандыру жұмыстары кеш жүріп, бұл пәтерлер сатылуына кері әсерін тигізіп тұр. Қазіргі кезде 630 пәтер мен дайын тұрған 100 коттедж сатылмады», - деді Ілияс Испанов.
Бұл тығырықтан шығу үшін қалалық мәслихат 250 миллион теңге қаржы бөлді. Бәрі кезекте тұрған адамдардың баспаналы болуына ықпал ететін шара. Әрі облыс әкімдігі мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алғашқы жарнаның 10 пайызын субсидиялауға келісті.

Соңғы жаңалықтар