«7-20-25»: Ақмола облысында 171 несие мақұлданды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Гүлнәр Омарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Банк өкілінің айтуынша, шілденің 4-нен бастап, қолға алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы ақмолалықтардың қызығушылығын арттыруда.

«Бүгінгі күнге дейін  Қазақстанның барлық аймақтарынан 55 миллиард теңге сомасына 4657 өтініш келіп түскен. Оның ішінде банктер тарапынан барлығы 36 миллиард теңгеге несие мақұлданған. Аймақтар бойынша айта кетсек, Алматы, Астана және Маңғыстау облыстары көш бастап тұр. Бағдарлама қарқыны Ақмола облысында да жаман емес. Ақмола облысы бойынша бойынша 1,98 миллиард теңге сомасына 222 өтініш келіп түсті. Оның ішінде барлығы 1,5 миллиард теңгеге 171 несие мақұлданды. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы республикадағы 17- өңірдің ішінде 5-ші орында тұр», деді Г.Омарова.

Сонымен қатар, банк басшысының орынбасары «7-20-25» бағдарламасы тек пайдалануға берілген, бастапқы жаңа үйге ғана ипотекалық несие беретінін атап өтті.

«Қазіргі кезде жеке құрылыс компаниялары салған дайын үйдің санына қатысты қиындықтар бар. Оның басты себебі, құрылыс компаниялары үйдің құрылысы 90 пайызға орындалған кезде, яғни, құрылысы толық аяқталмай жатып оны сатып жібереді. Сол себепті, біз де өз тарапымыздан тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында аталмыш бағдарламаға толықтыру енгізілді. Осыған орай, «Баспана» ипотекалық ұйым әкімдіктерге «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына 150 миллиард теңге бөлуді көздеп отыр. Бөлінген қаржы револьверлік принциппен 2 жыл сайын қайта айналып отырады. Қазіргі кезде бұл жүйе бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде әкімдіктер жұмыс істеуде. Сондықтан, қаржыландыру механизмін жүзеге асыруда қиындықтар болмауы тиіс», - деп сөзін түйіндеді Г.Омарова.

Соңғы жаңалықтар