6655 әскери бөлімінің қызметкерлері лайықты тойтарыс берді - генерал-майор М.Сатов

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бүгін таңертеңнен лаңкестік оқиғадан қаза тапқандарды еске алуға арналған қаралы шаралар өтіп жатыр. 6655 әскери бөлімінде жүздеген қала тұрғыны бақылау-өткізу пунктінің қасына гүл шоқтарын қойды.

ҚР Ұлттық гвардиясының бас қолбасшысы, генерал-майор Мұхамбетқали Сатовтың айтуынша, әскери қызметкерлер қарулы лаңкестерге лайықты тойтарыс беріп, жауынгерлік міндетін орындады.

«Бақылау-өткізу пунктінде кезекшілік атқарған үш әскери қызметкер басым күшке қарсы тұра білді. Олар қаруланған 17 адаммен соғысты. Лаңкестердің басты мақсаты - қару қоймасын иелену еді, бірақ олар бұған жете алған жоқ. Шабуылға тойтарыс беріліп, біреуі өлтірілді, екіншісі ауыр жараланды, қалғандары қашып кетті», - деп баяндады М.Сатов.

Кіші сержант Берік Қалиев соңына дейін берік тұрып, оққа ұшты. Әскери бөлім аумағына кіріп кеткен лаңкестер қарусыз майор Даниэль Майлыбаев пен күзетте қарусыз тұрған сарбаз Досбол Сапарды өлтірді. Бөлім аумағында әскерилердің қаза тапқан орындарына гүл шоқтары қойылды.

5 маусым күні 3 әскери қызметкер өлтіріліп, жетеуі жарақаттанды, соның ішінде 3 адам қазіргі кезде ауруханада жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар