665,5 млрд теңге: Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылға нақтыланған бюджеті белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылға нақтыланған бюджетінің көлемі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қаланың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қоғамдық кеңес өкілдерінің алдында айтты.

«Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасына коммуналдық меншікке көлік сатып алуға, Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларын ағымдық жөндеуге, жабдықтар сатып алуға қосымша 4 млрд 120 млн теңге көзделіп отыр.

Қаржы басқармасына жергілікті атқарушы органның резервіне 8 млрд 626 млн теңге және пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару көзделеді», - деген басқарма басшысы қалалық мәслихаттың жылдық шығынына да қосымша қаражат бөлу керектігін айтты.

«Мәслихат аппаратына еңбекақы төлеу қорынан нормативтік-құқықтық актілерді жариялауға және күрделі шығыстарға қосымша 59,4 млн теңге қарастырылды.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына бизнестің «Бизнестің жол картасы» шеңберіндегі жобаларды субсидиялауға қосымша 2 млрд теңге қарастырылды.

Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына деректері «бұлтты» платформада сақталатын қоғамдық орындарды бейнебақылау жүйесін жалға алуға және қызмет көрсетуге қосымша 537 млн теңге көзделеді», - деді Қайсар Маңқараев.

Осылайша енгізілетін өгерістерді ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылғы нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 665 млрд 508 млн теңге болып отыр.

«Оның ішінде меншік түсімдер 430 млрд 726 млн теңге, республикалық трансферт түсімі 108 млрд 889 млн теңге, қарыздардың түсімі 32 млрд 167 млн теңге және бос қалдықтар 55 млрд 724 млн теңге», - деді ол.

Айта кетейік, аталған бюджет жобасы әлі бекітілген жоқ. Қоғамдық кеңестің құзырына қала бюджетін бекіту өкілеті берілмеген. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен ескертулері тек консультациялық маңызға ғана ие.


Соңғы жаңалықтар