62 «жайлы мектептің» құрылысына қайта конкурс жарияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 62 «жайлы мектептің» құрылысына қайта конкурс жарияланды. Өтінім қабылдау бүгін басталды. Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ғабит Малғаздаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өтінім skcn.qaz.network. онлайн-платформасында электронды түрде қабылданады.

Тағы 24 мектеп бойынша байқау Үкіметтің №963 Қаулысына өзгерістер енгізілгеннен кейін жарияланбақ.

Бұған дейін 185 жайлы мектептің құрылысына жарияланған конкурс қорытындысы белгілі болған еді.

118 нысан бойынша мердігерлер анықталып, олармен мектептерді «дайын күйде» тапсыру бойынша 110 келісімшарт жасалды, ал қалған 8 шарт шағымдарың түсуіне байланысты тоқтатылды.

52 лот бойынша жеңімпаз анықталмады, 15 лоттың күші жойылды.

Ұлттық жоба аясында 400-ге жуық жайлы мектеп салу жоспарланған. Олардың жартысынан астамы 2024 жылдың соңына дейін, қалғаны 2025 жыл біткенше тапсырылады.

Осылайша ел бойынша 800 000 астам оқушы орны пайда болады.

Жайлы мектептер сыйымдылығына байланысты 7 түрлі болады: 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орын.

Айта кетейік, бір мектептің құрылысына жұмсалатын қаражаттың нақты сомасы жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады.

Жайлы мектептің ерекшеліктері:

- қалалар мен ауылдарда салынатын мектептер бірдей болады;

- техникалық жарақтандыру үлесі 20% жетеді;

- спорт залдарының саны мен ауданы 1,5-2 есе артады;

- мектептің жалпы ауданы 20% артады;

- пәндік сыныптар, зертханалардың саны көбейеді;

- кіші және жоғары буын оқушылары үшін жеке оқу блоктары жасалады.

Сонымен қатар, жоспар бойынша әр мектепте кіріп-шығуды бақылау жүйесі, сондай-ақ террористік шабуыл қаупі туындаған жағдайда есіктерді автоматты түрде құлыптау функциясы орнатылады.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге.

Республикалық бюджеттен 1 трлн 960 млрд теңге, Ұлттық қордан 646 млрд теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар